Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде айыпталушы Азамат Тоқтаубаевтан жауап алу жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айыптаушы Дана Сәрсенбай сотталушы Азамат Тоқтаубаевқа бірнеше сұрақ қойды.
- Айтыңызшы, осы жердегі басқа сотталушылармен байланысыңыз жайлы айтыңызшы? Қай уақыттан бері танисыз?
"Ағамды қоспағанда, Тұрар Рысқұлов ауылының тумасы болғаннан кейін Нұрқияс Ілиясовпен көршімін. Тай құлындай тебісіп, бала кезден бірге өстік, оны жасырмаймын. Сакиев Равиль, Ысқақ Думанды бала кезден танимын. Бұл жерде Дарханды (Әскентай) танымаймын. Қалиахмет Дидарды да танымаймын, көп араласпағанбыз. Дарханды соңғы бір жыл көлемінде танимын", - деді айыпталушы.
- Оқиға орын алғанға дейін қай жерде жұмыс істедіңіз? Кеше өзіңіз бір сөзіңізде аспаз екеніңізді айттыңыз.
"Көп жерде тұрғылықты да жұмыс істедім. Шаңғы тебетін жерде бақылаушы болып істедім. Жұмыс маусымдық болғаннан кейін жеке кәсіппен, саудамен айналысып, ұсақ-түйек үй тауарларын саттым. Кейін үйдің жанындағы қазақи моншада аспаздың көмекшісі болып жұмыс істедім", - деп айтты ол.
- Бұған дейін провация тіркеуінде болдым дедіңіз. Айтыңызшы, сіз провация тіркеуінде тұрдыңыз ба әлде үкім шыққан ба?
"Иә, мен үйқамақтағы бұлтартпау шарасын бұздым. Оны құқықбұзушылық деп танысаңыздар, таныңыздар. Өзім құқық бұздым деп есептеймін. Үйден шықпасам, ондай жағдай болмас еді", - деп айтты сотталушы.
- Онда неге үйден шықтыңыз?
"Ауырып қалған едім. Денсаулық жағдайыма байланысты дәріханаға түсіп, кішкентай балама жөргек алуға шыққанмын", - деді ол.
Одан бөлек соттылығыңыз болды ма? – деп сұрады прокурор.
"Иә, соттылығым болды. Оны бұл іске қатысы жоқ деп есептеймін. Маған осы іс бойынша сұрақ қойыңыз, мен сізге толық жауап беремін", - деп жауап берді Тоқтаубаев.
Прокурор Дана Сәрсенбай сотталушның бұрын не себепті сотты болғанын сұрады?
"2023 жылдың 14 желтоқсанында мені Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігі бойынша (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) күдікті ретінде танып, екі айға қамауға санкция берілді. Осы уақыт ішінде Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында болдым. Кейін жәбірленуші бұл іске менің қатысым жоқ екенін жазбаша түрде растады. Соның негізінде 2024 жылдың ақпан айында үйқамаққа ауыстырылдым. Тергеу жалғасқан кезеңде жаз бойы Талғар ауданының полициясына тұрақты түрде барып жүрдім. Кейінірек, тергеу органдары тағылған айыпты ҚК 106-баптың 2-бөлігіне (аса ауыр зардаптарға әкелген денсаулыққа қасақана зиян келтіру) қайта саралады. Ал 2024 жылдың 17 қазанында сот үкімі шығып, мен 7 жыл мерзімге бас бостандығымнан айырылдым", - деді ол.