Шенеуніктер Алматы облысындағы ірі құрылыс супермаркетіне айыппұл салды

Қаракөз Амантай 22 қар. 2024 14:28 185

Алматы облысындағы “Леруа Мерлен” құрылыс супермаркетіне тауарды бағасынан жоғары сатқаны үшін 30 АЕК (103,5 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды. Бұл заңбұзушылық сатып алушының шағымынан кейін анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті “Леруа Мерлен” ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 193-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Салынған айыппұл сомасы 30 АЕК-ті құрады”, – делінген ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің хабарламасында.

Қыркүйек айында Алматы облысының тұрғыны “Е-өтініш” платформасы арқылы құрылыс супермаркетіне қатысты шағым түсірген. Сатып алушы тауардың бағасы сөреде 1550 теңге деп көрсетілсе де, кассада 2880 теңгеге сатылғанын айтқан.

Шағымнан кейін жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, бір тауарға екі түрлі баға белгісі қойылғаны расталды.

“Сауда қызметін реттейтін ережелердің 2-тарауының 54-тармағына сәйкес, сатушы сауда объектісінің ішкі немесе сыртқы сөрелерінде көрсетілген бағамен тауар сатуға міндетті. Егер тауар Қазақстан Республикасында баға белгісінде көрсетілген сомадан жоғары бағаға сатылса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 193-бабының 4-бөлігіне сәйкес жауапкершілік қарастырылған”, – деп атап өтті комитет.

Әкімшілік айыппұл сомасының жартысын төлеу құқығы пайдаланылды. Сондай-ақ басшылыққа анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар