Шекарлық сауда еліміздегі өндірістік кооперация мен логистика дамытып жатыр

Жарбол Кентұлы 16 қыр. 2024 10:10 3017

Кең байтақ жерге иелік ететін Қазақстан үшін шекаралық шекаралық сауданы дамытудың маңызы зор. Оның үстінде еліміз экономикалық тұрғыдан барынша дамыған Қытайдың іргесінде отырып, шекаралық сауданы дамытпау үлкен қателік болар еді. Қытайдан басқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан да біздің шекаралық сауданың көркін қыздыратын мүмкіндікке ие мемлекеттер екенін бәріміз білеміз.

Қазіргі таңда елімізде шекаралық сауданың өрісін кеңейту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда. Айталық, 2026 жылға қарай Қазақстан Қытай, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанмен шекаралас аймақтарда бес ірі сауда-логистикалық кешен құруды жоспарлауда. Аталған сауда кешендері тек тауар айналымын ғана емес, өндірістік кооперация, логистика, сақтау және қайта өңдеу қызметтерін дамыту, әрі экспорттық әлеуетті кеңейтуге ықпал ететін болады.

Бүгінде Қытаймен шекарадағы «Қорғас торабы» қайта жанданып, инфрақұрылымы барынша дамып келеді. «Қорғас» шығыс қақпасы арнайы экономикалық аймағын дамыту жұмыстары сауда ағынын айтарлықтай арттыра түскені белгілі.

Қазір Қорғас шекара маңы ынтымақтастық орталығы Қазақстан мен Қытай арасындағы маңызды сауда және туризм хабы ретінде белсенді дамып келеді. 2024 жылы орталық 5 миллионнан астам келушілерді қабылдап, 36,3 мың тонна жүк өткізген. Бұл – оның аймақтық экономикалық байланыстарға қосып отырған үлесін көрсетеді. Алдағы жылдары инфрақұрылымды кеңейту және бизнес жүргізу шарттарын жақсарту мақсатында 30-дан астам жаңа жобалар жүзеге асыру көзделініп отыр. Оларға шамамен 245 млрд теңге инвестиция салынып, 2028 жылға дейін 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Сонымен қатар, бұрынғы «Жаркент» кеден бекетінің базасында «Қазақстан» атты көрме орталығын ашу ойда бар. Бұл мәдени аспектіні қосып, қазақ өнімдері мен дәстүрлеріне назар аудартады. Логистиканы дамыту мен электронды коммерцияны қолдау мақсатында халықаралық жеткізілімдерді оңтайландыруға арналған бонд қоймасын ашу қарастырылған.

Алайда, орталық инфрақұрылымның шектеулерімен, соның ішінде ауыз су мен кәріз жүйесінің жеткіліксіздігімен бетпе-бет келуде. Бұл бизнес үшін жайлылық пен тартымдылық деңгейіне әсер ететіні сөзсіз.

Әсіресе, қазақстандық тарапта инвесторлар орталықтың басқаруына қатысты жағдайлардың нашарлығына байланысты сұрақтар көтеруде, бұл мәселелерді дер кезінде шешуіміз керек.

Осы ретет шекаралық сауданың дамуы жергілікті халықтың тұрмыс жағдайына оң ықпал ететінін де ұмытпауымыз керек. Өйткені, шекара маңында сауда-логистикалық кешендердің пайда болуы қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Айталық, Қытаймен шекарадағы «Қорғас» торабы пандемиядан кейін толық жұмыс істей бастағанда мыңдаған адамды жұмыспен қамтылып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі атарлықтай төмендеген. Сондай-ақ, шекаралық сауда орталықтары шет жатқан аудандардағы сауда және қызмет көрсету салаларын дамытып, шағын кәсіпкерліктің өркендеуіне жол ашқанын атап айтуымыз керек.

Бұдан басқа шекаралық сауда жергілікті нарыққа жаңа тауарлар мен қызметтерді әкелуге мүмкіндік беріп, олардың қолжетімділігін арттыра түскенімен құнды болып тұр. Әсіресе, азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың бағасының төмендеуіне және таңдаудың кеңеюіне әсер еткен. Тауарлар бағасының төмендеуі арқылы халықтың сатып алу қабілеті артатыны белгілі. Сондықтан ауылды жерлердің тұратындары үшін шекаралық сауданың сағат секілді тоқтаусыз жұмыс істеп, дамығаны аса қажет.

Тағыда айта түссек, шекаралық сауда орталықтары инфрақұрылым мен  логистиканың дамуына және сауда процестерін жақсаруына да оң ықпал ететінін көріп отырмыз. Бүгінде шекаралық сауданың арқасында жергілікті ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеп, экспортқа шығару ісі де өз жолын тауып келеді. Бұл – үрдіс ауылдық жерлердегі фермерлерге өз өнімдерін шетелдік нарықтарға сату арқылы табысын көбейтуге жол ашып отыр. Мысалы, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы сауда-логистикалық кешендер жергілікті өнімдерді көрші елдерге жеткізуге ыңғайлы жағдай жасайды.​

Бүгінде Қырғызстанмен шекарада да айтарлықтай даму бар. Мұнда индустриялық сауда-логистикалық кешеннің құрылуы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымын арттыруға бағытталған. Аталған кешендер шекара маңындағы экономикалық белсенділікті үдетіп, аймақтық кәсіпорындардың шетелдік нарыққа шығу мүмкіндігін кеңейте түсетіні анық.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекаралық сауда жаңа деңгейге көтерілуіне индустриалды-логистикалық кешен айрықша ықпал ете бастаған. Кешен екі елдің шекарасы түйіскен «Қарасу» және «Ақ-Тілек» өткізу пункттерінің жанында орналасқан. Мамандардың ой-пайымына назар аударсақ, кешен екі ел арасындағы тауар айналымын жақсартуға және логистикалық шығындарды азайтатын болады.

Кешенде қысқа мерзімдік сақтау, логистика, көтерме сауда және экспедиторлық қызметтер көрсетілетін болады. Сондай-ақ, ет, сүт, көкөніс, текстиль және фармацевтика өндірісін дамыту да көзделген. Мұның бәрі аймақтық экономикаға оң әсер етіп, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың табысын арттыры сөзсіз.  

Бұл жобаның мақсаты – сауда мен өңірлік кооперацияны нығайту арқылы екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты дамыту, және алдағы 2030 жылға дейін тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін жеткізу кзделген. Кешен 25 жылдық келісім негізінде құрылуда, бұл болашақта тұрақты ынтымақтастықты қамтамасыз етеді және екі елдің ЕАЭО шеңберіндегі міндеттемелеріне сай, кедендік және сауда кедергілерін азайтуға мүмкіндік беретін маңызды нысан болайын деп тұр.

Жалпы, Қазақстанның шекаралық саудасы көрші елдермен қарым-қатынасты күшейтіп, инфрақұрылымдық жобалар арқылы өңірлік экономикалық әлеуетті дамытуға бағытталған кешенді стратегияға айналып келеді десек артық айтқандық болмас.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар