2027 жылдан бастап жедел медициналық жәрдем барлық шақыртуға тәулік бойы бармайтын болады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Жедел жәрдем қызметіне жылына 8 миллионнан астам шақырту түседі. Оның 60%-ы – төртінші санаттағы қоңыраулар, яғни адамдар өздігінен ауруханаға жете алатын жағдайлар. Соның салдарынан өміріне қауіп төніп тұрған науқастарға жедел жәрдем кешігіп жетеді. Халықаралық тәжірибені саралай отырып, біз бұл ұсынысты заң жобасына енгіздік. Онда өмірге қауіп төндіретін жағдайдың нақты анықтамасы берілген және қандай жағдайда жедел жәрдем шақырылуы тиіс екені көрсетілген. Бұл норма 2027 жылдан бастап күшіне енеді”, – деді министр.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, 103 қызметі төртінші санаттағы шақыртуларды емханаларға жолдайды. Яғни, науқастың жағдайы тікелей немесе потенциалды түрде өміріне және денсаулығына қауіп төндірмейтін жағдайда емхананың мобильді бригадалары қызмет көрсетеді. Олар дүйсенбіден сенбіге дейін таңғы 8:00-ден кешкі 18:00-ге дейін, ал сенбі күні 8:00-ден 12:00-ге дейін жұмыс істейді. Қалған уақытта төртінші санаттағы шақыртуларды да қоса алғанда, барлық шақыртуларға жедел жәрдем фельдшерлері барады.