Алматы қаласында ер адамның жедел жәрдем қызметкерлеріне пышақпен шабуыл жасағаны видеоға түсіп, әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға кезінде медицина қызметкерлері шақырту бойынша науқастың үйіне барған. Алайда оларды мас күйдегі ер адам қарсы алып, агрессивті әрекет танытып, пышақпен қорқыта бастаған. Мәліметтерге сәйкес, ол дәрігерлерді пәтерде қамап ұстап, кейін олар сыртқа шыққан кезде қуып, пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен.
Дәрігерлер қауіпсіздік үшін жедел жәрдем көлігіне кіріп, полиция шақыруға мәжбүр болған.
Полицияның хабарлауынша, күдікті науқастың ұлы болып шықты. Ол оқиға орнында мас күйінде болып, айналасындағыларға қауіп төндірген.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 380-3-бабы – медицина қызметкерлеріне қатысты қорқыту немесе зорлық-зомбылық көрсету фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Істе екі жәбірленуші – дәрігер мен фельдшер бар. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оған 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
