2024 жылы шетелдік шәкіртақыға ие болып, елден жырақта білім алған отандық студенттер биыл табыс декларациясын тапсырып, табыс салығын төлеуге мәжбүр болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстанда қатардағы азаматтар жалпыға бірдей декларацияны тапсырудан босатылғанына қарамастан, кейбірі бұл міндетті орындап, биылғы жылға салық төлеуі тиіс. Соның ішінде бір жыл бұрын шетелде табыс тапқандар, мәселен оған шетелдік шәкіртақыға (шетелдік көзден қаржыландырушы) ие болған студенттер де кіреді.
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) Instagram-дағы ресми парақшасында айтылады.
Шетелдік қаржы көзінен қаржыландырылып, шәкіртақы алушы қазақстандық студенттер 270-нысандағы кірістер мен мүлік туралы декларация бағанында шәкіртақы көлемін көрсетуі тиіс, сәйкесінше оның 10% мөлшерінде жеке табыс салығы ретінде төлеуі қажет болады.
"Бірақ салық салудан босатылатын шәкіртақылардың жеке санаттары бар. Бұл Қазақстанның білім беру ұйымдары ұсынған, сондай-ақ "Болашақ" секілді арнайы мемлекеттік бағдарламалар аясында тағайындалған шәкіртақылар болып табылады", – дейді МКК Салық әдістемесі басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аббасова.
Сонымен қатар, ол келесі жылы бұл міндет өз күшін жоятынын еске салады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді, оның шеңберінде шетелдік шәкіртақылар мен гранттарды жеке табыс салығы салымынан босататын норма қарастырылған.
Осы жағынан алғанда, 2024 жылы шетелде оқыған, шетелдік грантқа ие қазақстандықтар оны ағымдағы жылы декларациялап, әрі одан 10 пайызы көлемінде салық төлеуге мәжбүр болады, ал келесі жылы мұндай міндет өз күшін жояды.