Сенатор Хасан Қасымбаевпен туыс екенін растады

Көркем Алдабергенова 07 қар. 2024 15:52 2451

Алматы облысынан сайланған сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев жақында қамауға алынған Хасан Қасымбаевпен туыс екенін растады, - деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Бұған дейін дереккөздер сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев хуторлық Хасан Қасымбаевтың туысы екенін хабарлаған болатын. 

"Біздің дереккөздеріміздің мәліметінше, Алматы облысынан сайланған сенатор Жанболат Жөргенбаев қамауға алынған Хасанның ағасы. Олардың анасы - туған апалы-сіңлі. 

Қазіргі таңда тергеу барысында оның бұл жағдайға қаншалық әсер еткені тексеріліп жатыр. Ол Талғар аппаратының басшысын - Хасанның ағасын атышулы оқиғадан кейін жұмыстан қумауын сұраған деген ақпарат бар", - делінген дереккөз хабарламасында. 

"Иә, мен әлеуметтік желідегі жазбаларды көрдім. Ол ақпаратқа сенсек мен Қасымбаевтарға қатысты Талғарда болған жағдайға әсер етіппін. 

Аслан Қасымбаевтың қызметіне қатысты ешкімге ешқандай өтініш айтпағанымды ресми түрде мәлімдеймін. Оның үстіне Хасан Қасымбаевқа қатысты жүріп жатқан тергеуге де ешқандай әсер еткен жоқпын", - дейді Жөргенбаев. 

Депутат Қасымбаевпен алыс туыс екенін айтты. 

"Туыс екенімізге қатысты: иә, ол менің алыс туысым екенін растаймын. Қазақта туыс көп қой. Бірақ үнемі байланыста жүрдік деп айта алмаймын. Ары кетсе тойларда немесе туыстар жиналып қалатын жерлеу сияқты рәсімдерде кездесіп қалатынбыз", дейді депутат.

Еске салайық,Хасан Қасымбаевтың өзі екі айға қамауға алынған болатын. 

Кейін полиция мәлімдеме жасап, Хасан Қасымбаевтың ұсталуы - Шерзаттың өліміне байланысты емес екенін хабарлады.

ПД мәліметінше, Қасымбаев 2 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ол азамат А.-ны ұрлап, денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінген.

Оқиға 2021 жылдың маусымында болған. 

"Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді", - деді бұған дейін Алматы облыстық ПД өкілдері. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар