Сенат депутаттары Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға қатысты Қазақстанның бұрын енгізген ескертпелері мен мәлімдемелерін алып тастау туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.
Сенаттың түсіндіруінше, заң Қазақстан үшін 1947 жылғы 21 қарашада қабылданған БҰҰ-ның Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенциясының толық көлемде күшіне енуін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.
Аталған конвенцияны Қазақстан 2020 жылы ратификациялаған болатын. Алайда сол кезде ел тарапынан бірқатар ескертулер мен шектеулер енгізілген. Атап айтқанда, бұл ескертулер БҰҰ мамандандырылған мекемелерінде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына берілетін кейбір артықшылықтарды шектеп, сондай-ақ кедендік жеңілдіктердің қолданылу аясын тарылтқан.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің қорытындысында бұл туралы:
«Конвенция 2020 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен белгілі бір ескертулермен ратификацияланған болатын. Ескертулер БҰҰ мекемелерінің қызметкерлері болып табылатын Қазақстан азаматтарының артықшылықтарын шектейді, ал мәлімдеме Конвенцияда көзделген кедендік жеңілдіктердің көлемін ұлттық заңнама шеңберінде тарылтады», – деп көрсетілген.
Сенатор Амангелді Нұғмановтың айтуынша, Қазақстан Конвенцияға қосылғаннан кейін БҰҰ жүйесіндегі мамандандырылған мекемелермен консультациялар жүргізілген.
Нәтижесінде халықаралық ұйымдар Қазақстан енгізген шектеулер Конвенцияның негізгі қағидаттарына әсер ететінін мәлімдеген.
«Өткізілген консультациялар қорытындысы бойынша мамандандырылған мекемелердің едәуір бөлігі бұл ескертулердің қолайлылығына күмән келтірді. Олар аталған нормалар мамандандырылған мекемелер лауазымды тұлғаларының мәртебесіне, сондай-ақ берілетін артықшылықтар мен иммунитеттердің негізгі элементтеріне қатысты екенін атап өтті. Осыған байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Құқықтық мәселелер жөніндегі басқармасы Қазақстан Республикасына Конвенцияның толық күшіне енуін қамтамасыз ету үшін аталған ескертулер мен мәлімдемелерді қайтарып алу мәселесін қарастыруды ұсынды», – деді сенатор.
Осыған байланысты заң жобасында Қазақстанның Конвенцияның VI бабындағы 19-бөлімнің c), d) және e) тармақтарына қатысты енгізген ескертулерін, сондай-ақ III баптың 9-бөліміндегі b) және c) тармақтарына қатысты жасаған мәлімдемесін алып тастау көзделген.
Сенаторлардың айтуынша, бұл шешім Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін толық орындауына мүмкіндік береді.
«Заңды қабылдау Қазақстан Республикасының Конвенцияға толыққанды қатысуы үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтауға, оның ережелерін толық көлемде қолдануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерімен ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал етеді», – деді Амангелді Нұғманов.
Заң жобасын талқылау барысында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ қызметкерлеріне берілетін иммунитеттер абсолютті сипатқа ие емес екенін атап өтті.
Оның сөзінше, мұндай артықшылықтар мен иммунитеттер халықаралық ұйым қызметкерлерінің жеке басын қорғау үшін емес, олардың қызметтік міндеттерін тәуелсіз атқаруына жағдай жасау үшін беріледі.
«Әңгіме артықшылықтар мен иммунитеттердің функционалдық сипатта болуында. Олар тек қызметтік міндеттерді орындау кезінде жасалған әрекеттерге ғана қолданылады. Сонымен қатар құқық бұзушылық анықталған жағдайда Конвенцияның 22-бөлімі мамандандырылған мекемелерді иммунитеттен бас тарту мәселесін қарастыруға және тиісінше сот төрелігінің жүзеге асырылуына мүмкіндік беруге міндеттейді. Кепілдіктер осы тұрғыдан қарастырылған», – деді Ержан Ашықбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Сенат Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімді де ратификациялаған болатын.