Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 8,4%-ға қысқарды

Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 8,4%-ға қысқарды
жи: dalanews

Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында мұнай өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға азайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкімет жариялаған өндірістік көрсеткіштерге сәйкес, сегіз айда елде 61,7 миллион тонна мұнай өндірілген. Нақты көлем индексі (НКИ) 91,6%-ды құрады.

Сонымен қатар тамыз айында өндіріс қарқыны біршама жанданғаны байқалады. Қаңтар–шілде аралығында өндірілген мұнай көлемі 53,2 миллион тоннаны құраса, нақты көлем индексі 91,1% болған. Бұл саладағы жағдайдың біртіндеп қалпына келе бастағанын көрсетеді.

Осыған байланысты Үкімет 2026 жылға арналған мұнай өндіру болжамын қайта қарады. Бұған дейін жоспарланған 100,5 миллион тонна көрсеткіш алдымен 98 миллион тоннаға дейін төмендетілсе, қазір жылдық жоспар 96 миллион тонна болып бекітілді.

Болжамның қысқаруына бірнеше фактор әсер еткен. Атап айтқанда, жыл басында Теңіз кен орнындағы трансформаторлардың істен шығуы өндіріс көлеміне кері ықпал етті. Сондай-ақ Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдары да мұнай тасымалы мен өндіру көрсеткіштеріне әсерін тигізген.