Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов «зиянды» өнімдерге міндетті таңбалау енгізуді және олардың мектептерде сатылуына тыйым салуды ұсынды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы алғаш рет «Семіздік» диагнозы 9 122 азаматқа қойылған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 3 пайызға жоғары. Солардың ішінде 27 пайызы- 14 жасқа дейінгі балалар. Бүгін біз балалар денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды тақырып- семіздік туралы сөз қозғаймыз. Сұхбаттасушымыз- көп жылғы тәжірибесі бар педиатр дәрігер Пирманова Гүлмира Махмуддинқызы.
- Гүлмира Махмуддинқызы, балалар арасында семіздік мәселесі неге жиі кездесіп отыр?
- Өте орынды сұрақ. Қазіргі таңда өмір сүру салты қатты өзгерді. Балалар бұрыңғыдай далада жүгіріп, көп ойнамайды. Көпшілігі күннің көп бөлігін смартфон, планшет сияқты құрылғыларға қарап өткізеді. Бұған қоса, дұрыс емес тамақтану да өз әсерін тигізуде. Газды сусындар, фастфуд, тәттілер- бәрі бала ағзасына ауырлық түсіреді. Семіздік- осындай факторлардың нәтижесі.
- Семіздік жай ғана артық салмақ па, әлде денсаулыққа зияны бар ма?
- Бұл жай ғана сырт келбет мәселесі емес. Семіздік бала ағзасындағы көптеген жүйелерге зиян келтіреді. Жүрек- қан тамыр аурулары, 2- типті қант диабеті, тыныс алу жүйесінің қиындықтары, бауырда май жиналуы- осының бәрі артық салмақтың салдары болуы мүмкін. Қант диабеті (2-тип):
Артық салмақ ұйқыбездің инсулин бөлу қабілетіне кері әсер етеді. Нәтижесінде балада қант деңгейі тұрақсызданады. Симптомдары: шөлдеу, жиі дәретке шығу, тез шаршау. Бұл- өмір бойы бақылауды қажет ететін дерт.
Жүрек- қан тамыр аурулары
Майлы тағамдар мен артық салмақ жүрекке күш түсіреді. Қан тамырлары тарылады, қан айналымы бұзылады. Қауіп: жасөспірім кезден бастап жоғары қан қысымы, жүрек соғысының жиілеуі пайда болады. Бұл болашақта инфаркт, инсультке әкелуі мүмкін.
Майлы бауыр ауруы (стеатоз)
Артық май ең алдымен бауырда жиналады. Бұл- сырттай байқалмайтын, бірақ өте қауіпті өзгеріс. Уақыт өте келе бауыр қабынып, циррозға дейін асқынуы мүмкін.
Тыныс алу жүйесінің бұзылуы
Семіздікке бейім балалар ұйықтап жатқанда дұрыс дем ала алмайды, кейде тіпті тынысы тоқтап қалатын жағдайлар болады (ұйқы апноэсы).
Бұл ми мен жүрекке оттегі жетпеуіне әкеліп, баланың дамуына кедергі келтіреді.
Буын мен омыртқа аурулары
Салмақтың шамадан тыс көп болуы бала буындарына, әсіресе тізе мен омыртқаға ауыртпалық түсіреді. Бұл – бала тез шаршайды, дұрыс жүре алмайды, дене мүсіні бұзылады деген сөз.
Гормондық бұзылыстар
Қыз балаларда- ерте жыныстық жетілу, ұл балаларда- тестостеронның төмендеуі байқалуы мүмкін. Бұл бала психикасына да әсер етеді.
Сонымен қатар, семіздік психологиялық жағынан да қиындық тудырады. Бала өз-өзіне сенімсіз болып өседі, қатарластарынан ұялып, тұйықталып кетуі мүмкін.
- Бұл мәселені ата- аналар қалай ерте байқай алады?
- Ең алдымен, баланың бойына қатысты салмағын бақылап отыру қажет. Арнайы дене салмағы индексі (ДСИ) деген көрсеткіш бар. Егер ол қалыпты шектен асып кетсе- бұл алғашқы белгі. Сонымен қатар, бала тез шаршап қалса, ентігетін болса, көп терлейтін болса- бұл да сигнал. Ең дұрысы- балаға жылына кемінде бір рет жалпы тексеру (медосмотр) жасатып тұру.
- Семіздікті алдын- алу үшін не істеу керек?
- Бұл жерде ата-ананың рөлі өте маңызды. Бірнеше қарапайым кеңес бере аламын:
- Ең маңызды дұрыс тамақтану тәртібін үйретіңіз. Майлы, тәтті, қуырылған тағамдарды шектеп, көкөніс, жеміс- жидек, сұлы мен табиғи тағамдарды көбейтіңіз. Себебі, дұрыс тамақтанбау семіздіктің басты себебі. Баланың ағзасына қажетті дәрумен мен минералдың орнына артық калория мен зиянды майларды береді. Мұндай ас мәзірі біртіндеп асқорыту жүйесінің бұзылуына, зат алмасудың төмендеуіне, әрі қарай артық салмақтың жиналуына әкеледі.
- Белсенді өмір салтына баулыңыз. Баламен бірге серуендеңіз, спорт үйірмелеріне беріңіз.
- Экран алдында отыру уақытын шектеңіз. Гаджеттерге көп уақыт жұмсамауына мән беріңіз.
- Баламен ашық сөйлесіңіз. Күйзеліске түссе, артық тамақ жеуге бейім болуы мүмкін. Сол себепті ішкі жан дүниесіне де көңіл бөлу керек.
- Үлгі болыңыз. Ата-ана салауатты өмір сүрсе, бала да соны қайталайды.
Айта кететін болсақ, Парламент депутаты вице- премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің атына сауал жолдап, қазақстандықтар арасында, әсіресе балалардың арасында зиянды, негізінен ультраөңделген азық- түлік өнімдерін тұтыну деңгейінің артып келе жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Депутаттың айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметіне сәйкес, жыл сайын дүние жүзінде шамамен 8 миллион адам дұрыс тамақтанбауға тікелей байланысты аурулардан көз жұмады.
- Ең алаңдатарлық мәселе- құрамында тазартылған қант, тұз, трансмайлар, хош иістендіргіштер мен дәм күшейтіштер бар ультраөңделген өнімдердің кең таралуы мен олардың қолжетімділігінің шектеусіз болуы,- деді Байтілесов.
- Бұл өнімдер бағасының төмендігі мен қолжетімділігінің жоғарылығына байланысты дәмдік тәуелділік қалыптастырады, созылмалы аурулардың дамуына себепші болады, алайда ағза үшін ешқандай қоректік құндылық бермейді. Бүгінде мұндай өнімдер мектеп асханаларында, оқу орындарының маңындағы дүкендерде, оқу орындарының маңындағы дүкендерде, онлайн жеткізу сервистері арқылы еш кедергісіз сатылып жатыр,- деп атап өтті депутат.
Депутаттың айтуынша, бұл салада тиімді реттеу жүйесі әлі де болса дұрыс қалыптаспаған. Бұған қоса, әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнама да мәселені ушықтара түсуде.
Халық қалаулысы халықаралық тәжірибеге тоқтала отырып, бірқатар елдерде осы бағытта нақты қадамдар жасалғанын атап өтті.
Мәселен,Чилиде зиянды өнімдерге арнайы таңбалау белгісі енгізіліп, олардың балаларға арналған жарнамасына тыйым салынған. Ұлыбританияда «қант салығы» енгізіліп, бұл тәтті сусындарды тұтынуды 30 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берген. Оңтүстік Кореяда мектеп маңында жарнамаға тыйым салынған аймақтар мен зиянды тағамдарды сатуға шектеулер қойылған.
- Осы айтылғандарды ескере отырып, сізден келесі ұсыныстарды қарастыруды сұраймын:
Біріншіден, зиянды өнімдерге балалар мен ата аналар үшін түсінікті әрі көзге бірден түсетін арнайы таңбалау енгізу;
Екіншіден, ультраөңделген өнімдерді (UPFs) мектептерде сатуға тыйым салу, сондай ақ оларды вендорлық аппараттарда, автоматтарда және мектеп буфеттерінде еркін сатуға шектеу қою,- деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Еске салайық, былтыр Қазақстанда «қант салығын» енгізу мәселесі қызу талқыланған болатын. 2024 жылғы қаңтар айында Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай елде зиянды өнімдердің таралуын шектеуді, сондай ақ қанты көп тағамдар мен энергетикалық сусындарға қосымша салық салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған еді.