Жұмыспен қамту жол картасы – республиканың инфрақұрылымдық нысандарын салу, жөндеу және жаңғырту жөніндегі жобаларын іске асырғанда жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселелерін шешуге бағытталған тиімді шара.
Осы бағдарлама аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша 9 инфрақұрылымдық жобада тұрақты жұмыс орындарын ашу көзделген, оның төртеуі Семей қаласына тиесілі.
Бақытжан Баяхметов «Степной кентіне 300 орындық орта мектеп салу» жобасының жұмыстары биыл желтоқсан айына дейін жалғасатынын хабарлады.
«РК-3 «Теплокоммунэнерго» МКК-н қайта жаңартудың «3-кезегі» жобасы бойынша азаматтарды жұмыспен қамту 2022 жылы іске асырылады. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында бөлінген қаржыға мердігермен қосымша келісім жасалған.
Әкімнің айтуынша, «Холодный ключ кентінің су құбыры желісін қайта салу және кеңейту» жобасы жақсы дамып келеді және азаматтар жұмыспен қамтамасыз етілген.
Бүгінгі таңда жұмыс көлемі 29%-ға орындалды, салынған 10 километрден астам су құбыры желісі 40 үйге жеткізілген. Сондай-ақ, 125 бақылау құдықтары орнатылды. Барлық жұмыс биыл 1-қазанға дейін аяқталуы тиіс.
Ертіс өзенінің жағалауын нығайту (Бейбітшілік аралы, Мирный, Восточный кенттері және Пристань)» жобасының құрылыс жұмыстары биыл 12-шілдеде басталды. Бүгінгі таңда мердігер компания қажет материалдарға, соның ішінде көлемі 2х6 болатын жол плиталарына тапсырыс берді. Жұмыстар биыл желтоқсан айында аяқталады.
Барлық төрт жобаны іске асыру барысында 160 адам уақытша және 127 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.
– Маусым айында жұмыс орындарын құру жөнінде кеңес өткізілді. Жұмыс беруші мердігер компанияларға «электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» және «интеграцияланған карта: жұмыс орындарын құру мониторингі» ақпараттық жүйесі арқылы инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналасу қағидалары мен шарттары түсіндірілді. Мәселе менің тұрақты бақылауымда, – деді қала әкімі Б.Байахметов.