«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазіргі уақытта өртті сөндіруге резерваттың мемлекеттік орман күзетінің 86 қызметкері мен 31 бірлік техникасы, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның су төгу құрылғысымен (ВСУ) жабдықталған 2 тікұшағы, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 38 қызметкері мен 10 бірлік техникасы, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігінің Ми-8 тікұшағы жұмылдырылды.
«Қазавиаорманқорғау» РМҚК тікұшақтары осы уақытқа дейін су төгу құрылғысымен 24 рет су төгу жұмыстарын орындады. Сонымен қатар қосымша күштер мен техникалар өрт ошағына бағытталған.
Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстары жалғасуда. Жағдай тұрақты бақылауда.
Айта кетейік, 2023 жылғы 8 маусымда Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының Батпаев орманшылығы аумағында ірі орман өрті шықты. Өрт бірнеше күн бойы жалғасып, жалпы 60 мың гектардан астам аумақты шарпыды.
Тілсіз жауды сөндіру кезінде 14 орман қызметкері қаза тапты. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы орман шаруашылығы саласындағы ең ауыр апаттардың бірі болды. Қаза болған мамандар мемлекеттік наградалармен марапатталды.