Сахна жай ғана шығармашылық емес, шынайы инклюзия – «КүнТоми» театрының жетекшісі

Азамат Қойшығара 30 шіл. 2025 11:33

Әрбір ана үшін баласының бойындағы қабілетін байқап, оны қолдау аса маңызды. Инклюзивті «КүнТоми» театрының жетекшісі Ботагөз Жанұзақова ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға осы мүмкіндікті ұсынып отыр. Бұл театрда әр бала өзінің ерекшелігіне қарамастан, қолдау табады және дарынын кеңінен көрсетуге жол ашылады.

– Инклюзивті «КүнТоми» театрын құру идеясы қалай пайда болды? Театр атауы неліктен дәл осылай қойылды?

– Мен ерекше қыз баланың анасымын. Қызымды дүниеге келген сәтінен бастап бақылап келемін. Оның театрды, мультфильмдер мен балалар фильмдерін қаншалықты жақсы көретінін байқадым. Бірақ ол үшін бұл тек көру емес – рөлдерге еніп, шынайы өмір сүру болатын. Театр қойылымдарынан немесе ертегілерден кейін үйге келіп, ерекше әсер еткен көріністерді қайта ойнайтын. Мультфильм көрсе, кейіпкерлермен бірге ән айтып, билейтін. Осылайша, балалар өздерін көрсете алатын театр ашу идеясы пайда болды.

Бастапқыда олар қойылымдарды тек көріп қана қоймай, өздері де ойнап, әр рөлді байқап көріп, ойын арқылы дамыса дейтінбіз. Алғашқы қойылымымыз – көпшілікке таныс «Бауырсақ» ертегісі болды. Балалар аналарының көмегімен рөлдерді бөлісіп, үйде дайындалып, репетицияларда көріністерді ойнады. Бастапқыда жеті кішкентай актер болды, солардан тұтас театр құрылып шықты.

Театрдың атауына келсек – бәрі қарапайым: қызымның есімі – Томирис, мен оны «Күншуақты Томирис» деп атаймын. Осыдан «КүнТоми» атауы шықты, яғни «Күншуақты Томи». Қазір театрда 60-қа жуық бала бар. Бұл тек шығармашылық орда ғана емес, сондай-ақ балалар мен олардың отбасыларын қолдайтын маңызды орталық.

– Қазір театрыңызда қандай қойылымдар қойылады? «КүнТоми» үшін арнайы жазылған пьесалар бар ма?

– Біз екі бағытта жұмыс істейміз. Біріншісі – балалармен театр қойылымдарын қою. Екіншісі – 2024 жылдың 5 қарашасында аналар мен балаларға арналған «КүнТоми» халықаралық подиум академиясының ашылуы.

Бұл академияда аналар балаларымен бірге сән көрсетілімдеріне қатысып, дефилеге шығып, түрлі шаралардың бір бөлігіне айналады. Біз Е.Рахмадиев атындағы филармонияда сахнаға шықтық, түрлі іс-шараларға шақырту алдық. Ең есте қалған сәттердің бірі – аналар мен балалардың ұлттық киіммен сахнаға шығуы. Сол арқылы олар мәдениет пен дәстүрді сән тілімен жеткізді.

– Репетициялар қалай өтеді? Балалармен жұмыс істеудің ерекше әдістері бар ма? Алғашқы қойылымдарды дайындау кезінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

– Репетициялар өте қызықты өтеді. Уақыттың қалай өткенін байқамай қаламыз. Балалар кеткілері келмей қалады. Олар үшін бұл жай ғана шығармашылық емес, шынайы инклюзия. Бізде нақты бір әдістеме жоқ, себебі әр бала – жеке әлем. Баланың мінезі мен қажеттілігін ең жақсы білетін – ата-ана. Сондықтан біз бір команда болып жұмыс істейміз. Әркім өз үлесін қосып, ортақ істі алға сүйрейді.

– Командаңызда кімдер бар? Кәсіби актерлер немесе педагогтер тартылған ба?

– Біздің басты команда – балалар мен олардың ата-аналары. Бізде кәсіби мамандар жоқ, бірақ меніңше, біздің балалар – өз жолындағы нағыз актерлер. Олар бар болмысымен ойнайды және әр қойылым сайын тәжірибесі артып келеді. Болашақта бізге кәсіби актерлер мен педагогтер қосылып жатса, қуана қарсы аламыз.

Бұған дейін бізге театр және кино актрисалары, қуыршақ театрының мамандары келіп, шеберлік сағаттарын өткізген. Бірақ әзірге ешкім тұрақты жұмыс істеуге келіспеді. Сондықтан ата-аналармен бірге өз бетімізбен жұмыс істеп келеміз. Әр ата-анада өзінің баласымен жұмыс істеу тәжірибесі бар, сол тәжірибе бізге тірек болды.

– Ерекше есте қалған жетістіктеріңіз бар ма?

– Театрымызға енді ғана бір жыл толды, 2024 жылдың қаңтарында ашылдық. Осы уақыт ішінде балалар сахнаға шығып, гастрольдік сапарларға барып, өз қойылымдарын түрлі қалаларда көрсетіп келеді. Біз Астанада өнер көрсеттік, Самарқандқа барып, «Бауырсақ» қойылымын қойдық. Онда аналар мен балалар ұлттық киіммен сән көрсетіліміне де қатысты. Бұл – Орта Азия фестивалінің аясындағы үлкен оқиға болды.

2024 жылғы 20-23 наурыз аралығында Самарқандта өткен инклюзивті фестивальге бес елден: Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан және Қазақстаннан делегациялар қатысты. Сондай-ақ Санкт-Петербургтің қуыршақ театры да келді. Фестиваль Даун синдромы бар адамдар күніне орай ұйымдастырылған болатын.

Мен сол жолы жеті бала мен жеті ананы ертіп бардым. Бұл сапар көп аналарға мотивация болды. Алғаш рет аналар баласымен бірге подиумға шықты, бұл ерекше әсер сыйлаған сәт еді. Кейбір аналар үшін бұл – бала кезгі арманын орындау болды.

Биыл да біз сол фестивальге шақырту алдық, енді он бала мен он ата-анадан тұратын топпен барамыз. Театр қойылымдарынан бөлек, балалар музыкалық аспапта ойнап, этностильдегі сән көрсетіліміне қатысады.

Біздің балалар Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына да қатысты. Сондай-ақ Дубайда өткен халықаралық мәдениет, өнер және спорт фестивалінің бір бөлігіне айналдық. Бұл – барлығымыз үшін ерекше тәжірибе болды.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай? «КүнТоми» театры бес жылдан кейін қандай болады деп елестетесіз?

– Басты мақсатымыз – өзіміздің жеке кеңістігіміз болуын қалаймыз. Онда театр студиясы, логопедтер, сөйлеу дағдысын дамыту, сахналық шеберлік, ертегі және кітап терапиясы, тіпті қыш шеберханасы да болмақ.

Қазір логопедтер балалармен онлайн жұмыс істеп жүр. Бірақ болашақта біз бұл бағытты да кеңейткіміз келеді. Мюзикл, ертегілер мен сахналық қойылымдар қою, балалардың әлеуметтенуіне жағдай жасау – басты жоспарларымыз.

Бес жылдан кейін біз әлем елдеріне гастрольдік сапармен барып, халықаралық сахналарда өнер көрсетіп, басқа елдердегі балаларға шабыт сыйлаймыз деп үміттенеміз.

– Инклюзия тақырыбымен бетпе-бет келген ата-аналарға не айтқыңыз келеді?

– Барлығы өзіңнен басталады. Ең алдымен, қорықпау керек. Балаңды жасырудың қажеті жоқ. Қоғамдық ортаға шығу, жобаларға қатысу арқылы бала әлемді танып, дамиды. Барлық бала – ерекше. Әрқайсысының өз қабілеті бар. Сол қабілетті ашуға мүмкіндік беру – біздің ата-ана ретіндегі міндетіміз.

– Бұл жоба сіздің және отбасыңыздың өмірін қалай өзгертті?

– Біздің өміріміз жарқын, қызықты болып кетті. Бізде бос уақыт жоқ. Бұл жоба – отбасылық іс. Тек мен ғана емес, үлкен қыздарым да белсене араласты.

Менің төрт балам бар. Екі үлкен қызым – 20 және 18 жаста. Олар жобаның бастауынан-ақ көмектесті. Бірі «Назарбаев Университетінің» жазғы лагерінде жұмыс істесе, екіншісі үш маусым қатарынан Қапшағайда ерекше балалармен жұмыс істейтін ерікті болды.

Біз үйде бірге дайындалдық, бәріміз бірге еңбек еттік. Осылайша, өміріміз мәнге, қуанышқа толы болды.

– Әңгімеңізге рахмет!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар