Белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев Алматыдағы адам өліміне әкелген жол апатына қатысты пікір білдіріп, оны кездейсоқ оқиға емес, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жүйелік проблеманың салдары деп атады, деп хабарлайды Dalanews.kz
Сарапшының айтуынша, Әл-Фараби даңғылы бойындағы заңсыз жарыстар бұрыннан белгілі құбылыс. Оның пікірінше, мұндай әрекеттерге көбіне ауқатты топ өкілдері барып, өз «ерліктерін» әлеуметтік желілерде ашық жариялап отырған.
Талғат Қалиев бұл жағдайға құқық қорғау органдарының жеткілікті деңгейде назар аудармауы ықпал еткенін атап өтті. Оның айтуынша, Алматыда «қол сұғылмайтын» адамдар тобы қалыптасып, полиция олардың әрекеттеріне көз жұма қарауға үйренген.
Сарапшы сондай-ақ қаладағы құқық қорғау жүйесінде кадрлық саясаттың да ұзақ уақыт бойы сыртқы ықпалға тәуелді болғанын алға тартты. Бұл, оның пікірінше, полиция жүйесінде кәсібилік пен принципшілдіктің әлсіреуіне әкелген.
Сонымен қатар, ол әлеуметтік желілерде полициядағы сыбайлас жемқорлық туралы жиі айтылатынын, алайда мұндай айыптауларға қатысты ашық әрі нақты тергеулердің болмағанын сынға алды.
"Күдікті кәсіпкерлік талантымен ерекшеленбейді. Оның байлығы марқұм, корей диаспорасының бұрынғы басшысы Владимир Ниге байланысты екені айтылып жүр. Өз ортасында Ваке деген атпен белгілі ол тұлға кезінде Нұрсұлтан Назарбаев жанында ұзақ жылдар қызмет атқарып, кейін шаруашылық басқармасын басқарған. Сондай-ақ «Қазақмыс» компаниясын жекешелендіру үдерісіне ықпал етіп, өз адамдарының мүддесін ілгерілеткені айтылады", - деді сарапшы.
Бұған қоса, Рахат Әлиевтің атышулы жазбаларында оның Ішкі істер министріне бағыныштыларын жол полициясы тоқтатқан жағдай үшін есеп бергені де белгілі. Сарапшылардың пікірінше, бұрынғы кезеңде осындай ықпалды байланыстардың арқасында бүгінгі қайғылы жол апатына кінәлі адам жазадан сытылып кетуі де мүмкін еді.
Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдай – мемлекет үшін маңызды сынақ. Әсіресе, әділеттілік қағидатын басты құндылық ретінде жариялаған жаңа саяси бағыт аясында бұл іс қоғам назарында болуы тиіс.
Талғат Қалиев жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатындарға қатысты жазаны қатаңдату қажет екенін атап өтті. Оның ішінде жүргізуші куәлігінен айыру, сондай-ақ адам өліміне әкелген жол апаттары үшін жазаны күшейту мәселесін көтерді.
Сарапшы Алматы полициясының жұмысына қоғамдық бақылау енгізуді ұсынып, арнайы комиссия құру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, мұндай қадамдар болашақта осындай қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда бірнеше адамның өліміне әкеп соққан жол апаты болды. Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен екі жолаушысы – 20 және 22 жастағы қыздар оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға түсті.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, күдіктілердің бірі — Александр Пак — мас күйде болған. Полиция департаментінің бір басшысының жүргізушісі де тергелді, ол әрекетсіздігі үшін күдікке ілінді.
