Қыздырылған шанышқы басқан: Шымкентте өз балаларын аяусыз азаптаған ана сотталды

Қыздырылған шанышқы басқан: Шымкентте өз балаларын аяусыз азаптаған ана сотталды
gov.kz

Шымкентте өз балаларын қорлаған 30 жастағы әйелге сот үкімі шықты. Тергеу мәліметінше, әйел балаларын жүйелі түрде ұрып-соғып, түрлі азаптау әрекетін жасаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Балалардың әкесі ұзақ уақыт вахталық жұмыста жүрген. Құқық қорғау органдарына балаларға көрсетілген қатігездік туралы әйелдің енесі хабарлаған.

Кейін әйел ұсталып, балалар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған. Тергеу барысында әйел ұлының аузына қыздырылған шанышқы басқаны анықталған.

Сондай-ақ, оның беті мен денесін үтікпен күйдірген. Мәліметке сүйенсек, әйел қызының шашын тақырлап алып тастаған. Балаларды қыста мұздай суға түсірген жағдайлар да тіркелген.

Жәбірленуші балалардың барлық жауабы видеоға жазылып, сотта зерттелген. Істе психологиялық және физикалық зорлық-зомбылық деректері қаралған.

Сараптама әйелдің есі дұрыс екенін анықтаған. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты әйелді 5 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды.