Қазақстанда ерлер саны азайып барады: Демографиялық дағдарыстың себебі неде?

Қаракөз Амантай 30 нау. 2026 19:08

Қазақстанда ерлер саны азайып барады. Бұл туралы HRV-аудит маманы Нұрлан Есмұханов мәлімдеді. Оның айтуынша, кейінгі жылдары елдегі демографиялық көрсеткіштер алаңдатарлық деңгейде өзгерген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Маманның сөзінше, 2021 жылы туу көрсеткіші тарихи максимумға жетіп, 446,5 мың баланы көрсетсе, 2024 жылы көрсеткіш 365,9 мыңға дейін төмендеген.

“Бұл – бір жыл ішінде 5,8 пайызға азайғанын білдіреді. Ал өлім-жітім көрсеткіші өзгермей тұр немесе өсіп келеді. Арадағы айырмашылық қысқарып барады”, – дейді ол.

Алайда сарапшы мәселенің түп-төркіні тек статистикада емес екенін атап өтті.

“Ең басты сұрақ: кім өмірге келіп жатыр және кім өмірден кетіп жатыр? Әйелдер бала сүюден бас тартып жатыр. Мәселе әйелдердің қаламауында емес, ер азаматтардың жағдайында”, – дейді Есмұханов.

Оның айтуынша, қазір ер-азаматтардың денсаулығы күрт нашарлап барады.

“Бүгінгі ерлер 35–40 жасқа келгенде гипертонияға ұшырайды, белі ауырады, әлсірейді. Ал 50 жасқа жеткенде олардың үштен бірі инсульт немесе инфаркт алып үлгереді. Бұл – жай статистика емес, бұл – өмір шындығы”, – дейді маман.

Сарапшы демографияны себеп емес, салдар ретінде қарастыру қажет екенін алға тартты.

“Қазақ ер азаматы тарихи тұрғыдан қозғалысқа бейім болған. Ал бүгінгі күні ол сегіз сағат көлікте, тағы сегіз сағат кеңседе отырып жұмыс істейді. Қозғалыс жоқ, стресс көп, бірақ ол сыртқа шықпайды”, – дейді сарапшы.

Маман бұл жағдайды үш негізгі факторға бөліп түсіндірді. Оның бірі – психосоматикалық бөгет. 

“Қоғам ер адамға “әлсіздігіңді көрсетпе” деп үйретеді. Соның салдарынан стресс іште жиналып, кортизол көбейеді. Бұл қан қысымын көтеріп, жүрек-қан тамырларын әлсіретеді”, – дейді Есмұханов.

Екінші мәселе – денедегі қуаттың әлсіреуі. Оның айтуынша, қозғалыссыз өмір салты қан айналымының бұзылуына әкеледі.

“Кіші жамбас аймағында қан тоқырайды. Соның салдарынан простатит, либидоның төмендеуі сияқты мәселелер пайда болады”, – деп түсіндірді ол.

Ал үшінші фактор – фитнес мәдениетінің дұрыс түсіндірілмеуі.

“Көп ер адам мәселені шешемін деп штанга көтереді. Бірақ бұл кей жағдайда ағзаға қосымша стресс береді. Сырттай күшті көрінгенімен, ішкі жүйе әлсірейді”, – дейді сарапшы.

Есмұхановтың пікірінше, бұл мәселенің шешімі ретінде ағзаны тұтас жүйе ретінде қарастыратын шығыс тәжірибелеріне назар аудару қажет.

“Тайцзи, цигун, йога секілді әдістер қан айналымын жақсартады, жүйке жүйесін реттейді. Бұл – ағзаны ішінен қалпына келтіретін тәсілдер”, – деп қосты ол.

Сарапшы нақты қадамдар да ұсынды. Оның айтуынша, таңғы әдетті өзгертіп, тыныс алу жаттығуларын енгізу, күнделікті жеңіл созылуды үйрену маңызды.

“Бұл – жеке адамның ғана емес, ұлттық деңгейдегі мәселе. Бірақ оны мемлекет емес, әр адам өзі шешуі керек”, – дейді Есмұханов.

Сөз соңында маман ер азаматтардың денсаулығы елдің демографиялық болашағына тікелей әсер ететінін атап өтті.

“Бұл – медициналық емес, өмір салтының мәселесі. Егер ер адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса, ол отбасының тірегіне айналады. Демография да сол кезде қалпына келе бастайды”, – деп түйіндеді Нұрлан Есмұханов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove