БЖЗҚ тағы бір актив басқарушыны қосты

Ақтоты Жапатова 30 нау. 2026 16:42

Қазақстанда зейнетақы қаражатын басқаратын жаңа жекеменшік компания пайда болды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) Tansar Capital компаниясымен активтерді сенімгерлік басқару жөнінде келісімге келді. Осылайша, бұл компания Alatau City Invest, Halyk Global Markets, BCC Invest, Halyk Finance және «Сентрас Секьюритиз» қатарында нарықтағы алтыншы ойыншы болды, деп хабарлайды Dalanews.kz "Bank.kz"-ке сілтеме жасап.

Келісімге 2026 жылғы 26 наурызда қол қойылған. Құжат зейнетақы активтері кастодиан-банктегі қор шоттарына түскеннен кейін күшіне енеді және мерзімі шектелмеген. БЖЗҚ мәліметінше, компания барлық заң талаптарына сай келеді және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясын алған.

Tansar Capital 1995 жылдан бері жұмыс істейді. Бұрын ол CAIFC Investment Group деп аталған, 2022 жылдың қазан айында қайта тіркелгеннен кейін қазіргі атауын алған. Компания иелерінің арасында Ұлттық банктің бұрынғы төраға орынбасары Ержан Ағибаев пен KASE-нің экс-басшысы Есжан Біртанов бар.

Қор өкілдері жаңа басқарушы реттеуші талаптарының бәрін орындағаннан кейін ғана зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат алғанын атап өтті. Нарықтағы қатысушылар санының артуы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жекеменшік компанияларға беру тәжірибесінің жалғасып жатқанын көрсетеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove