Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кездесу қорытындысы бойынша екі ел үкіметтері арасында 2027-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен жол картасына қол қойылды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысуға шақырғаны үшін Си Цзиньпинге алғыс айтып, форумның Шанхай қаласында өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. Сондай-ақ Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуымен құттықтады.
«Қытайдың халықаралық қауымдастық алдындағы беделі зор және оның жетістіктерін бүкіл әлем мойындайды. Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге қашанда мүдделі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі саналады. Осы уақытқа дейін ҚХР елімізге 30 млрд доллар инвестиция салған. Ал өткен жылы екіжақты тауар айналымы 49 млрд долларға жеткен. Қазір Қазақстанда 8,5 мыңнан астам қытайлық компания жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы өнеркәсіп, энергетика, газ-химия, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланыстардың да қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
«Былтыр Қазақстанға 1 миллионнан астам Қытай азаматы сапарлап келді. Екі ел астаналарында мәдени орталықтар ашылды. Елімізде Лу Бань шеберханалары табысты жұмыс істеуде. Бұл - қос халықтың арасында қалыптасқан достық пен өзара сенімнің тағы бір айғағы», - деді Президент.
Келіссөз барысында тараптар халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды да талқылады. Президент БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия - Қытай» форматы аясындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.
Өз кезегінде Си Цзиньпин Қазақстан Президентінің жүргізіп отырған саясатына жоғары баға берді.
«Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытай мен Қазақстанның мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жоғары деңгейге жетті. Өзара ықпалдастықты дамытудың әлеуеті өте зор. Қазақстан Президенті Қытаймен достық саясат жүргізіп отыр. Бұл халықтарымыздың мүддесіне сай келеді», - деді Қытай Халық Республикасының Төрағасы.
Сондай-ақ Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, алдағы Құрылтай сайлауына сәттілік тіледі.
Келіссөздер аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасында 2027-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен жол картасына қол қойылды.