Қазақстан Үкіметі Кашаган жобасы бойынша экологиялық дауға байланысты ресми мәлімдеме жасап, North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясына салынған экологиялық айыппұлдың заңды екенін және оны орындау міндетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әділет министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан халықаралық құқық қағидаттарын ұстанып, шетелдік инвестицияларды қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелерін адал орындайды. Сонымен бірге мемлекет экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі егемен құқығын жүзеге асырып келеді.
Мәлімдемеде NCOC компаниясына салынған айыппұл Қазақстанның экологиялық заңнамасын, нақтырақ айтқанда күкірт сақтау көлеміне қойылатын талаптарды бұзғаны үшін тағайындалғаны айтылған.
«Экологиялық айыппұлдың заңдылығы мен негізділігі Қазақстан Республикасы соттарының шешімдерімен расталды», - делінген хабарламада.
Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылғы 19 маусымда Атырау облыстық соты төменгі сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырған. Сот шешімі заңды күшіне енген және 20 шілдеге дейін ерікті түрде орындалуы тиіс. Одан кейін NCOC пен оның мердігерлеріне мәжбүрлеп орындату шаралары, соның ішінде өндірілетін соманың 10 пайызы көлеміндегі атқарушылық санкция қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар Қазақстан тарапы NCOC компаниясының БҰҰ-ның халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы (UNCITRAL) аясындағы аралық арбитраждық қамтамасыз ету шарасына қатысты мәлімдемесін негізсіз деп атады.
Үкімет түсіндіруінше, UNCITRAL арбитражы инвестициялық емес, коммерциялық арбитраж болып табылады және оның өкілеттігі мемлекеттің экологиялық заңнаманы қолдану секілді егемен өкілеттіктеріне таралмайды.
Сондай-ақ шетелдік коммерциялық арбитраждың қамтамасыз ету шаралары Қазақстан аумағында автоматты түрде заңды күшіне енбейтіні атап өтілді. Олар Қазақстан соттары арқылы ғана танылып, орындалуы мүмкін.
Мәлімдемеде экологиялық заңнаманы орындау қоршаған ортаны, халықтың денсаулығын және қоғамдық мүддені қорғауға бағытталғаны, сондықтан бұл саладағы мемлекеттік өкілеттіктер коммерциялық арбитраж шешімдерімен шектелмейтіні айтылған.
«Шетелдік коммерциялық арбитраждың қамтамасыз ету шарасы Қазақстан заңнамасының императивтік нормаларынан жоғары тұрмайды және экологиялық айыппұлды өндіріп алу туралы заңды күшіне енген сот актісінің орындалуына кедергі келтірмейді», - деп мәлімдеді Үкімет.
Сонымен қатар Қазақстан барлық әрекетті «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға сәйкес жүзеге асыратынын жеткізді.
Бұдан бөлек, Үкімет NCOC-тың баспасөз хабарламасында UNCITRAL арбитражындағы әлі аяқталмаған процестің маңызды мәліметтері жарияланғанына алаңдаушылық білдірді.
«Арбитраждық талқылаудың мұндай мәліметтерін жария ету халықаралық арбитраждың құпиялылық қағидатына сәйкес келмейді және істің тиісті түрде қаралуына ықпал етпейді», - делінген ресми мәлімдемеде.