«World Business Consulting» қаржы пирамидасы ісі бойынша халықаралық іздеуде болған күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
ҚМА-ның Астана қаласы бойынша департаменті аталған қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеуді аяқтаған.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2020 жылы азаматтарды жоғары табыс әкелетін инвестициялық бағдарламаларға қатысуға шақырып, олардың қаражатын тартқан. Алайда компанияның мұндай қызметпен айналысуға лицензиясы болмаған және іс жүзінде инвестициялық қызмет жүргізбеген.
Салымшылардың ақшасы қолма-қол қабылданып, бухгалтерлік құжаттармен рәсімделмеген. Ал заңды қызметтің көрінісін қалыптастыру үшін қатысушыларға онлайн-платформада жеке кабинеттер ашылып, онда жалған табыс көрсеткіштері көрсетілген.
Тергеу барысында анықталғандай, қаржы пирамидасына тән схема қолданылып, бұрынғы салымшыларға төлемдер жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен жүргізілген.
Жаңа салымшыларды тарту үшін түрлі таныстырылымдар мен үгіт-насихат шаралары ұйымдастырылып, Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркияға сапарлар өткізілген.
ҚМА мәліметінше, құқық қорғау органдарының дер кезінде қабылдаған шараларының арқасында заңсыз схема бастапқы кезеңінде тоқтатылған.
2024 жылы күдіктіге халықаралық іздеу жарияланып, сот оны сырттай қамауға алу туралы санкция берген. Ал 2026 жылдың қаңтарында ол Грузия аумағында ұсталып, кейін Қазақстанға экстрадицияланған.
Соттың санкциясымен күдіктінің жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, биыл жыл басынан бері елімізде 15 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу үшін ұйымдастырушылардың жалпы құны 662 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынған.
Сонымен қатар алдын алу мақсатында әлеуметтік желілердегі 25 мыңнан астам қатысушысы бар 22 чат бұғатталды, ал «Кибернадзор» жүйесі арқылы заңсыз контент белгілері анықталған 1,1 мың сайт пен аккаунттың жұмысы тоқтатылды.