Павлодар облысында ер адамды өлтіріп, әйелге бірнеше жерден пышақ жарақатын салған әйел 17 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының мәліметінше, сот айыпталушының кінәні ішінара мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген.
Сонымен қатар қылмыстың мас күйінде жасалуы және қауіпті қылмыстық қайталану ауырлататын мән-жайлар ретінде танылды.
Сот үкімімен айыпталушы Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі бойынша 10 жылға, ал 99-баптың 2-бөлігі 3-тармағы бойынша 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жазаларды ішінара қосу арқылы оған түпкілікті 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Еске салайық, биыл қаңтар айында Екібастұз қаласындағы пәтерлердің бірінде ішімдік ішіп отырған адамдар арасында тұрмыстық жанжал шыққан. Соның салдарынан ер адам пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Марқұмның бірге тұрған әйелі де пәтерде және кіреберістегі баспалдақ алаңында бірнеше жерден пышақ жарақатын алған. Күдікті оқиға орнында ұсталып, зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізілген.