«Бізді ешкім тыңдамады»: Freedom ісіндегі куәгер КазТАГ-қа не үшін барғандарын айтты

«Бізді ешкім тыңдамады»: Freedom ісіндегі куәгер КазТАГ-қа не үшін барғандарын айтты
КазТАГ

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Freedom Finance компаниясының талап-арызы бойынша өтіп жатқан сот отырысында жәбірленуші тараптың куәгері Гүлмира Исаева жауап берді. Ол 2025 жылғы 3 сәуірде жәбірленушілердің не үшін КазТАГ редакциясына барғанын айтып берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Куәгердің айтуынша, сол күні ол адвокат Светлана Оралбаева және басқа да жәбірленушілермен бірге Freedom Finance компаниясының атқарушы директоры Виталий Световой мен компанияның Өзбекстандағы бұрынғы академия басшысы Темірлан Бековке қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы айту үшін КазТАГ редакциясына барған.

Исаева сотта өзінің қарт әкесі Құрман Исаевтың Виталий Световойдың әрекетінен қаржысынан айырылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, басқа да егде жастағы салымшылар, оның ішінде 85 жастағы әйел де жинаған қаражатынан айырылған.

Сотта белгілі болғандай, бұған дейін жәбірленушілер Астанада Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде Freedom Finance өкілдерімен кездесу өткізбек болған. Алайда кездесу өтпеген соң, олар бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінуге шешім қабылдаған.

Гүлмира Исаеваның айтуынша, КазТАГ редакциясының байланыс нөмірі 2GIS сервисі арқылы табылған.

Ол бас редактор Әмір Қасенов алғашқыда мемлекеттік органдарға жүгінуге кеңес бергенімен, жәбірленушілердің табанды өтінішінен кейін кездесуге келіскенін айтты.

Соттағы куәгердің сөзінше, редакцияға келгеннен кейін Әмір Қасенов барлық қатысушыдан жеке куәліктерін, қылмыстық іске қатысты құжаттарын және адвокаттың құжаттарын көрсетуді сұраған.

«Әмір: “Маған құжаттар мен фактілер керек. Мен тек сіздер келген ақпараттық алаңмын”, деді», - деп жеткізді Исаева.

Оның айтуынша, сұхбат басталар алдында бас редактор телефон арқылы бейнежазба жүргізілетінін ескертіп, жарияланатынын алдын ала айтқан.

Куәгердің сөзінше, редакцияға сұхбат беруге бастамашы болған жәбірленушілердің өздері.

«Бізді барлық жерде кері қайтарды. Сондықтан бізді естісін деп келдік. Мақсатымыз жарнама жасау емес еді», - деді Исаева.

Сондай-ақ ол қатысушылардың ешқайсысы ортақ сценарий немесе бірыңғай нұсқа дайындамағанын айтты.

«Әркім өзі үшін жауап берді. Әрқайсысы өз жағдайын айтып, өз құжаттарын көрсетті», - деді куәгер.

Бұған дейін Freedom Finance өкілі Егор Трофимов жәбірленушілер компанияға қарсы ұйымдасқан ақпараттық науқан жүргізді деп мәлімдеген болатын. Алайда Гүлмира Исаева бұл пікірмен келіспейтінін айтып, жәбірленушілер басқа да бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінгенімен, олардың кейбірінде дайындалған материалдар эфирге шықпағанын жеткізді.

Сот отырысында әкесінің және өзге де салымшылардың шығыны туралы айтқан кезде Гүлмира Исаева көз жасына ерік берді.

«Олар осы мәселені жариялағаннан кейін ғана іс қозғала бастады. Оған дейін өте қиын болды», - деді ол.