Қайрат Сатыбалды ісіне байланысты мемлекетке қайтарылған активтер қайтадан аукционға шығарылды. Сауда 26 мамырға жоспарланған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Аукционға қойылған нысандар қатарында Алматыдағы «Байсат» базары мен Астанадағы камині мен фрескасы бар элиталық пәтерлер бар.
Сатылымға шығарылған барлық активтердің жалпы құны 30 млрд теңгеден асады.
Алматыдағы Солтүстік айналма көшесінде орналасқан «Байсат» базары бұған дейін де бірнеше мәрте сатылымға қойылған. 2025 жылдың күзінде оның бағасы 24,77 млрд теңгеге дейін төмендетілгенімен, сатып алушы табылмаған. Енді активтің бастапқы бағасы қайта көтеріліп, 28,6 млрд теңге болып белгіленді.
Аукцион сипаттамасында «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлес сатылымға шығарылғаны айтылған.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясының мәліметінше, базар – тұрақты ақша айналымы бар, клиенттік базасы қалыптасқан және инфрақұрылымы дамыған дайын коммерциялық нысан. Нарықта орта есеппен 62 адам жұмыс істейді. Орталықтың жарғылық капиталы 26,3 млрд теңгені құрайды. Бағалау кезіндегі табысы – 2,7 млрд теңге.
2025 жылдың қыркүйегіндегі мәлімет бойынша кәсіпорынның таза пайдасы 1,2 млрд теңгеден асқан.
Нысан 2024 жылдың қаңтарында Алматы экономикалық сотының шешімімен толықтай мемлекет меншігіне қайтарылған. Сот «Алматы жылу холдингі» кешенінің (қазіргі «Байсат» базары) мүлкіне қатысты барлық мәмілені заңсыз деп танып, күшін жойған.
Қала прокуратурасы сот барысында кешеннің заңсыз сатылғаны дәлелденгенін хабарлаған. Әңгіме жалпы аумағы 4,2 мың шаршы метрден асатын үш нысан мен 1,4 гектар жер телімі туралы болған. Олар ҚазГерСтрой бірлескен кәсіпорны мен Astana Financial Group меншігінде болған. Прокуратура бұл екі компанияның өзара байланысты екенін және олардың Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі болғанын мәлімдеген.
Бұған дейін Қайрат Сатыбалды сотқа дейінгі тергеу аясында өз бақылауындағы «Байсат» базарының басым бөлігін мемлекетке өз еркімен қайтарған болатын. 2022 жылдың 26 қыркүйегінде ол Қазақтелеком мен ЦТС ісі бойынша аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген айыппен алты жылға бас бостандығынан айырылған.