Freedom Inside '26

Жетісудан табылған қорым Дулат бабаның бейіті болуы мүмкін бе? Тарихшы пікір білдірді

Жетісудан табылған қорым Дулат бабаның бейіті болуы мүмкін бе? Тарихшы пікір білдірді
Фото: видеодан скрин

Желіде Жетісу облысының Сарыбел аумағынан Дулат бабаның бейіті табылып, басына белгітас қойылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда тарихшы Батыржан Сейдомар бұл мәселеге сақтықпен қарау керегін айтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның сөзінше, ең алдымен “Дулат баба” ұғымының өзін тарихи тұрғыдан нақтылап алу қажет.

“Дулат, Найман, Жалайыр, Қаңлы сияқты атауларды біз бүгін көбіне бір адамның есімі ретінде қабылдаймыз. Алайда тарихи деректерде олар тайпалық бірлестіктердің атауы ретінде кездеседі. Шәкәрім де, Шоқан Уәлиханов та Дулатты нақты өмір сүрген адам ретінде көрсетпейді”, - дейді тарихшы.

Сарапшы осыған байланысты Жетісу облысынан табылған қорымды немесе Жамбыл облысындағы кесенені нақты Дулат бабаның жерленген орны деп кесіп айтуға ғылыми негіз жеткіліксіз екенін жеткізді.

“Жамбыл облысындағы кесене де, Сарыбелдегі қорым да нақты Дулат бабанікі деп дәлелденген жоқ. Мұндай тұжырым жасау үшін археологиялық және антропологиялық зерттеулер қажет”, - деді ол.

Тарихшының айтуынша, бұл мәселе бойынша шежірелік деректер ғана жеткіліксіз.

“Фольклор мен шежіре белгілі бір бағыт береді. Бірақ ғылыми қорытынды жасау үшін археология, жазба деректер және басқа да зерттеу әдістері қатар қолданылуы керек”, - дейді Батыржан Сейдомар.

Сондықтан маман Сарыбел аумағындағы қорымдарды зерттеу үшін арнайы археологиялық жұмыстар жүргізіп, жерленген адамдардың өмір сүрген кезеңін анықтау қажет екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Жетісу облысының Сарыөзек өңіріндегі Сарыбел аумағынан Дулат бабаның бейіті табылғаны туралы видео тараған еді.

Видео авторларының айтуынша, белгітас Сарыөзек пен Көксу аудандарының шекарасына жақын аумақта орнатылған. Олар өз тұжырымдарын кеңестік кезеңге дейінгі карталардағы белгілермен байланыстырады.

Сондай-ақ бейнежазба авторлары Кеңес Одағы кезінде әскери мақсаттағы нысандар мен ракеталық шахталар салынған кезде өңірдегі көптеген көне қорымдардың бүлінгенін алға тартқан. Олардың сөзінше, Сарыбел аумағында бұрын бірнеше тарихи қорым орналасқан.

Видеода бастамашыл топ өкілдері бұл орынның Дулат бабаның жерленген жері болуы мүмкін екенін айтып, бейіт басына арнайы белгітас орнатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар аталған аумақты болашақта ғылыми тұрғыдан зерттеп, тарихи мұра ретінде тіркеу қажет екенін жеткізген.

Алайда әзірге бұл мәліметтер ғылыми қауымдастық немесе құзырлы органдар тарапынан ресми түрде расталған жоқ. Сондықтан Сарыбелдегі қорымның нақты кімге тиесілі екені және оның тарихи мәртебесі арнайы зерттеулерден кейін ғана белгілі болуы мүмкін.