Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтар агенттік атынан жалған ресми хаттар таратып жатқанын ескертті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Агенттікке осындай жалған хат таратудың тағы бір дерегі туралы ақпарат түскен. Мемлекеттік органға жолданған хатта қаскөйлер тексеріс жүргізіліп жатқанын алға тартып, азамат туралы мәліметті, соның ішінде оның мінездемесі мен өзге де ақпаратты сұратқан.
Бұған дейін де алаяқтар осыған ұқсас тәсілді қолданған. Олар жалған хаттар жібергеннен кейін азаматтарға телефон немесе мессенджер арқылы хабарласып, өздерін ҚМА қызметкерлері ретінде таныстырған. Түрлі сылтаумен азаматтардың жеке және банк дерегін алуға тырысқан немесе ақша бопсалаған.
Азаматтарға мынадай ескерту жасалды:
- агенттіктің ресми хаттары тек белгіленген тәртіппен жолданады;
- ҚМА қызметкерлері телефон арқылы банк шоттарының дерегін беруді немесе ақша аударуды талап етпейді;
- құжатта логотип, мөр немесе қолтаңба бар екеніне сүйеніп, оған сенуге болмайды;
- күмәнді хат алсаңыз, оның шынайылығын агенттіктің ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіз.