Санкцияға ұшыраған қос отандық компания қазір экспортпен айналыспайды - министр

Кәмшат Тілеухан 26 ақп. 2025 14:43 253

24 ақпанда Еуроодақ кеңесі Украинаға жасалған әскери шабуылдың үш жылдығына орай Ресейге салған кезекті 16-санкциялар тізімінде Қазақстанның екі компаниясы жүргені белгілі болды. Кейіннен олардың  2024 жылғы санкциялар тізімінде де болған Kazstanex және MetallStan атты компаниялар екені анықталды. Бүгінгі таңда Сауда және интеграция министрлігі өздерінде санкцияға ілінген осы қос отандық компанияның жұмысын тоқтату-тоқтатпауы мүмкіндігіне қатысты ешқандай дерек жоқ екенін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.  

"Аталған компаниялар машина жасау саласында жабдықтың белгілі бір түрлерін жеткізумен айналысқан. Бүгінгі таңда бұл компаниялар, Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырмайды, тек Қазақстан аумағында жұмыс істейді. Олар жабылған жоқ, бірақ қызмет түрін өзгертті. Олар жұмыс істеп жатыр, иә, бірақ олар экспорттық операцияларды жүзеге асырмайды", - деді Шаққалиев Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұқбатында.

Министрлік өздерінде аталған компанияларды тарату жоспарланып жатыр ма, ол туралы деректер жоғын нақтылай кетті. 

Айта кетсек, кезекті санкциясымен ЕО Ресейдің 13 банкіне шектеулер енгізді.  Оған сәйкес, 2025 жылдың 17 наурызынан бастап "Уралсиб", "Точка", "Синара", "Ак барс", Росэксимбанк, Ұлттық резерв банк, Примсоцбанк, ББР банк, Кузнецкбизнесбанк, "Мир бизнес банк" және "Кубань кредит" SWIFT төлем жүйесінен ажыратылады.

Сондай-ақ, Ресей әскери-өнеркәсіптік кешенін қолдайтын және Ресей Федерациясына санкцияларды айналып өтуге көмектесетін 53 жаңа субъект анықталды. Олардың ішінде  қазақстандық екі компания да бар. Алматыда тіркелген "Kazstanex" ЖШС станок және өнеркәсіп жабдықтарын жеткізумен айналысады."MetallStan" ЖШС болса, ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, 2012 жылы мамырда тіркелген, қызмет түрі - қандай да бір нақтылаусыз тауарлардың кең ассортиментінің көтерме саудасы. 

Компания 2023 жылы 9,29 млн теңге, 2024 жылы 6,4 млн теңге салық төлеген. Сонымен қатар, Kazstanex директоры Василий Абрамов алдында Ұлыбритания енгізген санкциялар тізімінде де болған. Құжатта компания Ресейдің қорғаныс секторына станоктар жеткізумен айналысатыны көрсетілген. Сондай-ақ, бұл тізімде Ресейдегі Экспобанктің қожайыны Игорь Ким де жүр, ол Қазақстандағы "Береке" микро қаржылық ұйымның (МҚҰ) жалғыз акционері болып табылады. Ол бұған дейін МҚҰ-ны банкке айналдыру туралы жоспары барын айтқан болатын.

 

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар