2025 жылы 24 ақпанда Еуроодақ кеңесі Украинаға жасалған әскери шабуылдың үш жылдығына орай Ресейге қарсы 16-санкциялар пакетін енгізді. Оған сәйкес, ЕО Ресейдің 13 банкін Swift төлем жүйесінен ажыратты. Банктердің нақты тізімі әлі белгісіз. Сондай-ақ, Ресей әскери-өнеркәсіптік кешенін қолдайтын және Ресей Федерациясына санкцияларды айналып өтуге көмектесетін 53 жаңа субъект анықталды.Олардың арасында қазақстандық компаниялар бары да айтылады, деп жазады Dalanews.kz.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі LSM басылымына берген жауабында бұл санкциялар тізіміне Қазақстанның екі компаниясы ілінгенін растапты, бірақ атаулары аталмаған.
"Ресейдің банк және қаржы жүйесі үшін маңызды деп саналатын 13 аймақтық банкке шектеу енгізу туралы шешім қабылданды", делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Ресей әскери-өнеркәсіптік кешенін қолдайтын және Ресей Федерациясына санкцияларды айналып өтуге көмектесетін 53 жаңа субъект анықталды.
Бұл субъектілердің де тізімі әлі жарияланған жоқ, бірақ олардың үштен бірі ресейлік, ал қалғандары үшінші елдерде, соның ішінде Қытайда, Үндістанда, Қазақстанда, Сингапурда, Түркияда, БАӘ және Өзбекстанда орналасқан.
Қос мақсаттағы, сондай-ақ Ресейдің қорғаныс және қауіпсіздік секторын технологиялық жағынан жетілдіруге ықпал ететін тауарлар мен технологияларды қамтитын бұл субъектілер қатаң экспорттық шектеулерге ұшырайтыны нақтыланады.
16-санкциялар пакетінің авторларының пікірінше, бұл субъектілер "сауда шектеулерін айналып өтуге қатысты немесе, мысалы, Ресейдің әскери операциялары үшін пайдаланылатын ұшқышсыз ұшу аппараттары мен зымырандар үшін қажетті сезімтал тауарларды сатып алумен айналысқан".
Сонымен қатар, Ресейге тауарлардың жаңа санаттарын жеткізуге тыйым салынды. Олар химиялық хлорпикрин прекурсорлары, станоктарға арналған бағдарламалық жасақтама, хром қосылыстары және дрондарды басқару үшін қолданылатын контроллерлер болып келеді.
ЕО Еуропада сегіз ресейлік БАҚ-тың хабар таратуына тыйым салды. Атап айтқанда, EADaily/Eurasia Daily, Fondsk, Lenta, NewsFront, RuBaltic, SouthFront, Strategic Culture Foundation және Krasnaya Zvezda/Tvzvezda. Бұл ретте Еуропалық Одақтың негізгі құқықтар туралы хартиясына сәйкес тиісті шаралар осы БАҚ пен олардың қызметкерлеріне ЕО-да өзге қызметті жүзеге асыруға, мысалы, зерттеулермен айналысуына кедергі болмайды.
Бұған дейін сайтымызда "АҚШ-тың антиресейлік кезекті санкциясынан кейін мұнай бағасы шарықтап шыға келді" деген мақала жарияланған болатын.