24 ақпанда Еуроодақ кеңесі Украинаға жасалған әскери шабуылдың үш жылдығына орай Ресейге салған кезекті 16-санкциялар тізіміне Қазақстанның екі компаниясы да енді. Олар - Kazstanex және MetallStan. Бұл екі компания алдындағы, 2024 жылғы санкциялар тізімінде де болған, деп жазады Dalanews.kz.
Алматыда тіркелген "Kazstanex" ЖШС станок және өнеркәсіп жабдықтарын жеткізумен айналысады.
"MetallStan" ЖШС болса, ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, 2012 жылы мамырда тіркелген, қызмет түрі - қандай да бір нақтылаусыз тауарлардың кең ассортиментінің көтерме саудасы. Компания 2023 жылы 9,29 млн теңге, 2024 жылы 6,4 млн теңге салық төлеген.
Сонымен қатар, Kazstanex директоры Василий Абрамов алдында Ұлыбритания енгізген санкциялар тізімінде де болған. Құжатта компания Ресейдің қорғаныс секторына станоктар жеткізумен айналысатыны көрсетілген. Сондай-ақ, бұл тізімде Ресейдегі Экспобанктің қожайыны Игорь Ким де жүр, ол Қазақстандағы "Береке" микро қаржылық ұйымның (МҚҰ) жалғыз акционері болып табылады. Ол бұған дейін МҚҰ-ны банкке айналдыру туралы жоспары барын айтқан болатын.
Айта кетсек,кезекті санкциясымен ЕО Ресейдің 13 банкіне шектеулер енгізді. Оған сәйкес, 2025 жылдың 17 наурызынан бастап "Уралсиб", "Точка", "Синара", "Ак барс", Росэксимбанк, Ұлттық резерв банк, Примсоцбанк, ББР банк, Кузнецкбизнесбанк, "Мир бизнес банк" және "Кубань кредит" SWIFT төлем жүйесінен ажыратылады.
Сондай-ақ, Ресей әскери-өнеркәсіптік кешенін қолдайтын және Ресей Федерациясына санкцияларды айналып өтуге көмектесетін 53 жаңа субъект анықталды.
Бұл субъектілердің де тізімі әлі жарияланған жоқ, бірақ олардың үштен бірі ресейлік, ал қалғандары үшінші елдерде, соның ішінде Қытайда, Үндістанда, Қазақстанда, Сингапурда, Түркияда, БАӘ және Өзбекстанда орналасқан.
Қос мақсаттағы, сондай-ақ Ресейдің қорғаныс және қауіпсіздік секторын технологиялық жағынан жетілдіруге ықпал ететін тауарлар мен технологияларды қамтитын бұл субъектілер қатаң экспорттық шектеулерге ұшырайтыны нақтыланады.
Бұған дейін Еуроодақтың Ресейге салған кезекті санкциясына қазақстандық компаниялар да ілінгенін жазғанбыз. Алайда қандай компаниялар екені ол кезде әлі белгісіз еді.