2001 жылдың наурыз айының басында менің бір жақын жолдасым Алматыдағы екі бөлмелі үйін кеңіту үшін газетке: «Екі бөлмелі пәтерімді үш бөлмелі пәтерге үстіне ақша қосып айырбастаймын», – деп жарнама берді. Сол сол-ақ екен, телефонға тыным болмай кетті. «Кел, пәтерімізді көр. Ұнаса, айырбастайық. Үш бөлмелі пәтерімді айырбастаймын, ар жағына ақша қос болмаса бір бөлмелі бөлек жатақхана жарай береді», – деген сыңайдағы ұсыныстар үсті-үстіне түсе берді. Досым енді солардың барлығымен жүзбе-жүз кездесіп, пәтерлерін көріп қайтуға бел байлады.
«Бірге барып, солардың барлығын аралап шықсақ», – деп өтінген соң, мен де серік болып, досыма үй қарауға шықтым. Телефон арқылы мекенжайын ұсынған бірінші кісінің үйіне барып, қоңырау түймесін бастық. Есікті жас шамасы 45-50-лер шамасындағы келбетті жігіт ағасы ашты. Біздің пәтер жайымен келгенімізді білген бетте жік-жаппар болып, үйді көріп шығуымызды өтінді. Зайыбы да көзі ашық мәдениетті әйел екені көрініп тұр. Байыпты жүрісімен жол бастап, алға түсті де, бөлмелерін кезегімен көрсете бастады. Ә дегеннен үйлерін мақтай жөнелісті. Қонақ бөлмесін де, ас үйін де көрсетіп, жарнамалап жатыр.
– Бұдан артық пәтер таппайсыздар, – деді күйеуі. – Қараңыздаршы, қандай кең. Қонақ келгенде көсіліп еркін отыра алады.
– Бәрінен де ас үйін айтсаңызшы, – деді әйелі де ерін қостай. – Әйеліңізді бір қуантатын болдыңыз. Тіптен екі қолын жылы суға малып отыратын болады.
Хош, сонымен бөлмелердің түгін қалдырмай адақтап шығып, ең ақырында жатын бөлмеге жақындадық. Түпкі бөлменің есігін ашқан заматтан бастап-ақ лап еткен күлімсі иіс қолқаны қапты. Еріксіз тыжырынып қалғанымызбен, шегініп қалмай, алакөлеңкелеу бөлмеге еніп кеттік. Үй иесі ол бөлмені де есебін тауып мақтауын асырып жатыр. Мүңкіген сасық иіске танауы әбден үйреніп кеткен бе деймін, оны мүлдем елер емес.
Досым мен қожайын кәдімгі сатушы мен алушының арасындағы үйреншікті қызу әңгімелеріне кірісіп кеткен.
Төсекте 70-75-тер шамасындағы кәрі орыс әжей не ауырып, не болмаса ұйықтап жатыр. Ұзақ уақыт шомылмағандықтан не болмаса біреулер шомылдырмағандықтан, жағымсыз иіс сол кісіден шығып тұр екен. Мен іштей олардың не себептен екі бөлмелі үйге тезірек көшкісі келіп, асығып тұрғанын ұға бастадым. Баласы да, келіні де кәрі кемпірге барынша назар аудартпауға тырысып, барын салып, бәйек болып жатыр. Содан былай шыққан соң: «Жігіттер, мүмкіндік болып жатса, тезірек көшсек. Көріп тұрсыңдар ғой, үйдің іші соншалықты жайлы болмай тұр», – деп меңзеді. Біз: «Иә, басқа да үйлерді аралап көреміз, ұнаса, хабарласамыз», – деп асығыс шығып кеттік.
Шағын аудандағы үш бөлмелі екінші пәтердің қоңырауын бастық. Бұл жолы да сауатты, көзі ашық отбасы мүшелері есік ашып қарсы алды. Тағы да пәтерлерін жер-көкке сыйғызбай мақтап ала жөнелді. Мен тағы да алдыңғы жағымсыз күлімсі иісті сезіп тұрдым. Сосын тағы да жатын бөлмені кіріп көретін сыңай таныттық. Ескі төсекте күтімі жеткіліксіз болып, қиналып жатқан кәрі кемпірдің бейнесі көз алдыма елестеп тұра қалды. Есік ашылды, ізінше біз де ішке кірдік. Көңіл шіркін алдамапты, бірінші бас сұққан үйдегі көрініс айна-қатесіз шыға келді. Сірә, бұл орыс апаның қолын жара қаптап кетсе керек, оң білегін қалың қылып дәкемен орап тастапты. «Вишневский» майының сасық иісі бөлме ішіне сіңіп қалған. Үйді жарнамалап, аузы-аузына жұқпай, тынбай сөйлеп тұрған ерлі-зайыптылардың кәрі анадан құтылғанды қалап, үйді сатуға асығатындары жүрек шіркінге сезіліп-ақ тұр. Бұлар да кең пәтерден екі бөлмелі тар үйге ауысып алғанша асық. Бізге бұл мақсат үйлерді аралаған сайын анық бола бастады және бір қызығы: кеңшіліктен таршылыққа ауысқысы келіп асығып жүрген қазақты әлі кездестірген жоқпыз. Ата-анасын қартайғанда бағып-қағып, соңғы сапарға абыроймен шығарып салуды азап санаған бұл ағайындар қарттық жеңген ата-аналарынан құтыла алмай әлек. Егер сәтін салып, екі бөлмелі үйге көшіп алса, үстіндегі ақшаға бір бөлмелі жатақхана бөлмесін сатып алып, кәрі кісіні сол жаққа жалғыз жайғастырып кетпекші. Әрине, ақшаға тағы да күтуші жалдап қоймақ. Ең бастысы, күтімді қажет ететін күлімсі иісті қарт әжемен бір шатырдың астында тұрмаса болды. Біз тәуекел деп үшінші қаридарға бардық. Ең ұнағаны осы үй болды. Қаланың қақ ортасында, үшінші қабатта. Амал нешік, үйге кірмей жатып-ақ мен алдыңғы таныс иісті ап-анық сезіп, амалсыз жұтып тұрдым. Бұл жолы 40-тар шамасындағы суық дидарлы сұп-сұр келіншек есік ашты. Үйінің іші шашылып, иісі қолқаны қауып бара жатса да, пәтерін келістіріп мақтаудан қымсынған жоқ. Залда тұрып-ақ жатын бөлмеде жасы үлкен ауру адам бар екені белгілі болып тұрды. Себебі қабырғадағы кілемге айналдыра православ шіркеуінде көп таратылатын қағаз икондарды самсатып іліп тастапты. Көбісін қалай болса солай инемен шанши берген. Бұл үйде, не де болса, Құдайға сенетін кейуана тұратынға ұқсайды. Сонымен кезек әдеттегідей жатын бөлмесін қарауға келді. Есік ашылды, біз ішке кірдік. Бұл жолғы көрініс сәл басқашалау болды, есесіне бұрынғыдан әлдеқайда қорқынышты. Отбасы өте жұпыны тұратын болғандықтан, адам жататын жұмсақ жиһаз жоқ. Бірақ екі кереуетті бір-біріне қарама-қарсы қойыпты. Біреуінде бет-әлпеті әжімнен көрінбейтін, басына орысша орамал таққан, әбден шөгіп біткен, өте кәрі орыс апа отыр. Оның қасында балдаққа сүйеніп шылым шегіп, өмірден түңілген ересек ер адам отыр. Оның оң аяғын қалың орамалмен таңып, жылы су құйылған шылапшынға салып қойыпты. Бір бөлмеде екі бірдей ғаріп жан жатқан соң, жағдай қайбір оңсын?! Қарт ана тіпті алжып қалған болса керек: біздің дабыр-дүбір әңгімеге селт етпестен меңіреу кейіпте күбірлеп өзімен-өзі бірдеме айтып отыр. (Бәлкім, дұға оқып отыр). Келіншек те, біз де бұл бөлмеден шыққанша асықтық. Негізгі әңгіме ас үйге кірген соң басталды. «Үйлерің қайда, қандай, қай қабатта, жөндеу бар ма, жоқ па, телефон тартылған ба?», – деген секілді сұрақ-жауаптар біткен соң, келіншек әңгіменің тоқ етерін өзі айтты: «Жігіттер, қолдарыңнан келсе, барынша тез қимылдаңдаршы. Көріп тұрсыңдар ғой, үй қаланың қақ ортасында болғанымен, мен үшін бұл үй – қазір тозақ. Ана отырған анасы 80-нен асып кеткен, ауырып әлі отыр. Оны бағып-қағып, ас-ауқатын уақытылы беретін менің шамам жоқ. Қасында отырған балдақты адам – соның баласы, менің күйеуім. Былтыр аяғын сындырып, сүйегі бітпей асқынып кетті. Биыл дәрігерлер «сүйектің рагы» деп жаман диагноз қойды. Енді әрі кетсе бір жыл өмірі я бар, я жоқ. Екі бірдей мүгедекті асырайтын жайым жоқ. Екі бөлмелі үйлеріңе жалғыз баламмен бір өзім көшіп барам. Ал ана екеуіне жекеменшік жатақханадан не болмаса Талғар жақтан бір бөлмелі жер үй сатып алып беріңдер. Сосын өлгенше не істейді, оны өздері біледі. Зейнетақыларына тамақ сатып ала ма, күтуші жалдай ма, ол жағын өздері шешеді. Маған тез арада бұл жерден кету керек. Ең бастысы, ажырасып үлгердім. Түсіндіңдер ғой», – деді. Біз түсінген болдық. Сосын далаға шығып, екеуіміз аз-кем ойланып қалдық.
– Иә, – деді досым, – қаланың жақсы жерінде «ұлы» халық тұрады деген жай сөз-ау деймін, жетісіп жатқан бұлар жоқ. Керісінше, бұлардың проблемасын шешумен біз айналысып кетейін деп тұрған сияқтымыз.
Ертесіне біз далбасалап Талғар мен Саяхаттың айналасынан жер үй іздеп біраз сандалдық. Бірақ жағдайын көріп, жағамызды ұстадық. Жүз пәтерге далада жалғыз дәретхана. Ыстық су жоқ. Қоқыс төгетін жәшіктері атам заманда толып, айналасы тау боп үйіліп жатыр. Екі бөлмелі арзан үйді Развилкадан тауып та алдық. Арзан бағаға қуана-қуана сатып жіберуге дайын отыр. Бірақ осы арада адами принциптер кедергі болды. Досым соңғы шешім қабылдар алдында үнсіз отырып, ұзақ ойланды. Сосын барып маған тіл қатты:
– Қалай ойлайсың, біз осы жақсы пәтерді қолға түсіру үшін адамшылықтан аттап бара жатқан жоқпыз ба? Асықпай ақылға салып ойланайықшы. Біздің үйге безбүйрек келіншек көшіп барды делік. Сосын біз жаңа үйді өз атымызға аударып алған соң, ана екі мүгедекті мәшинеге салып алып, мына адам түгіл, аң тұра алмайтын ауданға әкеп тастап кетеміз. Сосын 80-дегі алжыған кемпір мен жарты жыл өмірі қалған ауру баласы бұл арада қайтіп күн көрмек? Біз өзара орыс, қазақ боп бөлінгенмен, Құдайдың заңында ол жоқ қой. Біліп тұрып ауру адамдарды айдалаға тастап кеткен соң, зауалы болмай қоймайды. Тіпті бүкіл зауал оларды бірінші боп тастап қашқан келіндеріне болады деген күннің өзінде жаңа үйімде береке бола ма, жоқ па, оны Құдай біледі. Не де болса, менің жүрегім қобалжып, осы істі құп көріп тұрған жоқ, – деді. Мен де оның пікірін жақтап: «Иә, шынымды айтсам, кешеден бері кәрі апа мен ауру баласы көзімнен кетпей тұрып алды. Дәл осыларды көшіруге біз себеп болмай-ақ қойсақ қайтеді», – дедім. Сонымен қол жетіп тұрған арзан пәтерден саналы түрде бас тартуға тура келді. Одан кейін де сабылып талай үйді аралап шықтық. Дәл ондай сәтті баспана кездеспеді. Кездескеннің бәрінде бірдей проблема болып шықты. Ауру ата-аналарынан құтыла алмай отырған мұсылман емес бауырлар. Сөйтіп жүргенде бұл шаруа күзге қалды. Күзге дейін қолда бар ақшаны ағайын-туыс қарызға сұрап тауысты. Қарыз қайтып бітемін дегенше үй мен жердің қымбаттауы деген жаңа заман басталды. Сонымен үй ауыстыру 8 жылға доғарылды. Қаланың ішіндегі мына сұмдықты көзбен көрген досым ақырында пәтерін сатып, қаланың сыртынан жер алып, үлкен үй тұрғызып алды.