Ауғанстанда жойқын жер сілкінісі: 600-ден астам адам қаза тапты

Ақтоты Жапатова 01 қыр. 2025 12:20

Ауғанстанның шығысындағы Кунар провинциясында магнитудасы 6 балл болатын жер сілкінісі тіркелді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 600-ден астам адам қаза тауып, 1500-ге жуық адам жараланды, деп хабарлайды Dalanews.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Жергілікті билік Кунар провинциясының бірнеше ауданы ең көп зардап шеккенін мәлімдеді. Жолдарды көшкіндер басып қалғандықтан, құтқару жұмыстары тікұшақтардың көмегімен жүргізілуде. Ауғанстан Ақпарат министрлігінің хабарлауынша, орталық үкімет пен көршілес провинциялардан қосымша командалар апат аймағына жіберілген.

Ауғанстанның уақытша үкіметінің баспасөз хатшысы Забихулла Мужахид (Муджахид) X әлеуметтік желісінде жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқанын растады.

«Өкінішке қарай, бүгінгі жер сілкінісі шығыс провинцияларында адам өліміне және материалдық залалға әкелді», – деп жазды ол.

Жергілікті шенеуніктер бұл оқиғаны ел тарихындағы ең жойқын зілзалалардың бірі деп бағалады. Аймақта магнитудасы 5,2-ге жеткен екі қайталама дүмпу тіркелді.

АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) дерегінше, жер сілкінісінің эпицентрі Джелалабад қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 27 шақырым жерде, Пәкістан шекарасына жақын, 8 шақырым тереңдікте орналасқан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар