«Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниялары 15 млрд теңгені қалай жоқ қылды?!

Dalanews 20 қыр. 2023 05:38 1472

Бүгінде мемлекет ішіндегі мемлекетке айналған «Самұрық-Қазына» қорының бас сұқпаған саласы қалмады.



Қаржы мин-нің Ішкі аудит комитеті 2020 жылы «Самұрық-Энергоға» қарасты «Ereymentau Wind Power» ЖШС құны 26,1 млрд теңгені құрайтын 50 МВт-тық жел электр стансасын салу үшін тендер өткізіп, нәтижесінде жеңімпаз атанған «Олимп Транс Сервис» серіктестігі ақшаның жартысынан көбін қалтаға басып, міндетін орындамағанын хабарлады.

Комитеттің хабарлауынша, серіктестік мемлекеттің 15 млрд теңгесін талан-таражға салып, уәде еткен жел электр стансасын салмаған.

Келісім-шартқа сай Ақмола облысының аумағында салынуы тиіс жел электр стансасы 2021 жылдың 4 маусымында, яғни, 17 айдың ішінде қолданысқа берілуі керек еді. Бірақ жел электр стансасының қара-құрасы да жоқ. 2020 жылы мердігерге 10,5 млрд теңгені құрайтын аванстық төлемді «Ereymentau Wind Power» ЖШС-ы толық көлемде төлеген.

Арада біршама уақыт өткесін аталған компания желден қуат көзін өндіретін 11 қондырғыны елге жеткізу үшін келісім-шартта көрсетілген аванстық төлемнің аз екенін айтып, оның мөлшерін көбейтуді талап еткен.


Бұдан кейін тапсырыс беруші мердігердің келісім-шартқа қайшы келетін талабына назар аудармастан, тағы да 5,5 млрд теңгені аудара салған. Мердігер қосымша қаржы алса да келісім-шартта көрсетілген өзінің міндеттемесін мүлде орындамаған.

«Самұрық-Энергоға» қарайтын «Ereymentau Wind Power» компаниясы мердігердің айтқанына көніп, келісім-шартта көрсетілген аванстық төлем талабын бұзғасын, жобаны сақтандырушы компания оларға сақтандыру төлемін төлеуден бас тартқан.

Комитет мемлекет қаражатын қайтаруға қатысты ешқандай жұмыстар жүріп жатпағанын алға тартты.

Ал «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры өзінің еншілес компаниясына анықталған заңбұзушылықты жойып, бұл іске қатысы бар тұлғаларды анықтауды тапсырған. Болған-біткені осы.

Осылайша «Самұрық-Энергоның» жасыл энергетиканы дамытуға қатысты бір жобасы сәтсіздікке ұшырап, бірде-бір жел электр стансасы салынбады.

Бұдан кейін «Самұрық-Қазынаның» АЭС салуға идеясын халық қалай қолдайды? АЭС салуға бөлінген мемлекет қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейді дегенге кім сенеді?

Осындай әрекеттер ел азаматтарының билікке деген сенімін жоғалтатыны анық. Ал оны ойлап, бас қатырған «Самұрық-Қазына» қорын байқамадық!

Халық алдындағы репутацияға нұқсан келсе, оны қайтадан жөндеп алатын көлік емес екенін қор басшысы Нұрлан Жақыпов неге түсінбейді?!


Осыдан-ақ «Самұрық-Қазынаның» иегінің астында не болып жатқанын көрмейтін, сезбейтін ебедейсіз құрылымға айналғанын байқауға болады.

Қорда еншілес компаниялардың немен айналысып жатқанын қадағалайтын жүздеген менеджер бар. Олар «Ereymentau Wind Power» ЖШС-ның келісім-шарттағы алдын-ала төлем мәселесін бұзуына қалайша жол берді деген сауал туындайды.

Сұрақ көп жауап жоқ.

Мемлекеттің қаржысын желге шашатын компанияның бізге қажеті қанша? Осы жайттан кейін «Самұрық-Қазынаны» тарқатып, оның құзіретін министрліктерге бөліп беру керек екенін байқайсың...

Мемлекеттің қаржысын желге шашатын компанияның бізге қажеті қанша? Осы жайттан кейін «Самұрық-Қазынаны» тарқатып, оның құзіретін министрліктерге бөліп беру керек екенін байқайсың...




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар