Қазақстанда харасмент заңмен бекітілуі мүмкін

Қазақстанда харасмент заңмен бекітілуі мүмкін
Ашық дереккөз.

Еңбек министрлігі Қазақстанда харасмент ұғымын және ол үшін жауапкершілікті заң жүзінде бекітуді талап етіп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Сенат кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші вице министрі Ербол Туяқбаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, министрлік бұл мәселе бойынша нақты ұстанымда.

«Біздің позициямыз нақты. Біз мұны заңмен бекітеміз. Ондай жағдайлар бар, нақты кейстер бар. Біз үшін ең басты міндеттердің бірі - жұмысшылардың құқығын қорғау. Жұмыс орнында сау атмосфера болуы керек. Сондықтан бұл норманың заң жүзінде бекітілуін талап етеміз», - деді Туяқбаев.

Вице министрдің айтуынша, Қазақстанға мұндай норманы енгізу жөнінде Халықаралық еңбек ұйымы да ұсыным берген.

«Бұл мәселе күн тәртібінен алынған жоқ. Жұмыс жалғасып жатыр. Адам құқықтары жөніндегі жоспар аясында қарастырылып жатыр. Ол жоспар ең жоғары деңгейде бекітілген. Қазір заң жобасы мемлекеттік органдармен келісу кезеңінен өтіп жатыр», - деді ол.

Туяқбаевтың сөзінше, бастама Үкіметтің заңнамалық ұсынысы ретінде дайындалуда. Алайда оны депутаттарға енгізбес бұрын бірнеше рәсімнен өту қажет.

«Бірақ нақты айта аламын: бұл мәселе жабылған жоқ. Біз жұмысты соңына дейін жеткізіп, заңнамалық бекітуге қол жеткіземіз», - деді вице министр.