Сағынтаев мырза, Мақатаев көшесіндегі «На Пастера» кәуапханасы жанжалға себепші болмасын

Dalanews 12 ақп. 2020 15:01 765

Қордайда орын алған жанжал жергілікті билік орындарына сабақ болуы керек. Қала, аудан әкімдері өздері басқаратын аймқтардағы жағдайларды саралап, тұрмыстық жанжалдың (ұлатарлық деп үрейлендірмей-ақ қоялық)  себепкер болатын жайттардың алдын алуы шарт.

Алматыда «Пастера» деген көше жоқ


Осыдан бірнеше жыл бұрын Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болып тұрғанда кезекті бір жанжалға себепші болуы мүмкін жайтты айтып, мақала жариялаған едік.

Өкінішке орай, Бауыржан Байбектің командасы біздің сөзімізге құлақ асып, көңіл бөлмеді. Алматы қаласының қазіргі әкімі Бақытжан Сағынтаевқа қайта айтудың реті келіп тұр. Қала басшысы бұл іске назар аударып, істің тігісін жатқызар деген үмітіміз бар.


Алматыда Мұқағали Мақатаев атындағы көшесі бар. Мұны жұрттың бәрі біледі.

Еліміз Тәуелсіздікке алғаннан кейін Кеңес заманындағы Пастера көшесі Мұқағали Мақатаев көшесі болып аталған болатын.

Қазір Мақатаев көшесінің бойымен шығысқа қарай жүрсеңіз, Мақатаев пен Жетісу көшесінің қиылысында «На Пастера» деген атауды маңдайына жазып қойған үлкен кәуапхана алдыңыздан шығады.

Мақатаев көшесінің бойында орналасқан «На Пастера» кәуапханасын көрген адам не ойлайды? Бірінші кезекте, «Қазақстан тәуелсіздігін толық алмаған ба?» деп ойлауы әбден мүмкін. Керек десеңіз бұл еліміздің Тәуелсіздігін көзге ілмеу деп қарастырса да болады.


Алматыда Мұқағали Мақатаев атындағы көше бар. Ал «Пастера» деген көше жоқ. Бірақ, Мақатаев пен Жетісу көшесінің қиылысында «На Пастера» деген атауды маңдайына жазып қойған кәуапхана тұр.

Кеңес заманындағы ескі атауларды жалаулатқан мұндай кәуапханалар мен мейрамханалар Петропавл мен Павлодарда болса, аздап болса да «түсіністікпен» қарауға болар еді.

Ал азаттықтың жалауы алғаш желбіреген, желтоқсанның ызғарлы суығында қазақ жастарының қаны төгілген Алматыда мұндай олқылыққа жол беру – үлкен қателік, асқан арандатушылық емес пе?


Дәл осы кәуапхананың қожайыны кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат сұрағанда жергілікті билік орындарына кәуапхананы «На Пастера» деп тіркеп бергені анық.

Сонда кәуапхананың атын тіркеген Алматы әкімдігі Пастер көшесі тоқсаныншы жылдардың басында Мұқағали Мақатаев көшесі болып өзгеріп кеткенін білмей ме? Әрине, біледі. Біле тұра, үндемегенін қалай түсінуге болады.

Кеңес заманын еске салатын осындай атаулар елімізде ұлтаралық дүрдараздықты тудырып жіберуі мүмкін екенін әкім-қаралар неге ойламайды?

Жастардың обалына қалмайық


Қазақ поэзиясында ең көп оқылатын ақын Мұқағали Мақатаев. Көңілі алып-ұшқан ауыл баласы сүйікті Алматысына асығып жеткенде әйгілі ақынның атымен аталатын көшенің бойында «На Пастера» кәуапханасы қарсы алса, қандай күйге түседі?

Мұндайда кез келген ұлтжанды азаматтың (ауыл баласы бәріне түсіністікпен қарайтын Алматының байырғы тұрғыны емес қой) бойын ашу-ыза кернейтіні сөзсіз.


Бұла күші бойына сыймаған жас жігіт кәуапханаға кіріп, бұл мәселені айтуы мүмкін. Бұдан кейін ұрыс-жанжал тұтанып, араға тәртіп сақшысы араласып, әлгі Мұқағалидың «фанаты» әп-сәтте «бұзақы», ел тыныштығына ірткі салушы болып шыға келмей ме?

Ал енді жауап беріңізші, бұл үшін кімді кінәлаймыз? Пастерадан көшенің атауын тартып алған Мақатаевты кінәламайтынымыз... анық қой.

Естеріңізде шығар, осыдан бірнеше жыл бұрын Құрманғазы мен Пушкин көшесінің бойында орналасқан гей-клубтың жарнамасын жасау үшін Құрманғазы мен Пушкинді сүйістірген жарнама агенттігін Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттері сотқа беріп, соңы үлкен дауға ұласты.


Бұдан нені байқаймыз? Кеңес заманын аңсау, сол кездегі атауларды қайта жаңғыртуды қазақ жастарының қаламайды.

Сондықтан, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мырза бұл іске назар аударып, қазақ жастарының арандап қалмауы үшін «үй ішінен үй тіккен» (мұнысын өздері де білмеуі мүмкін) кәсіпкерлерді тәртіпке шақырып, Тәуелсіздігімізді қастерлеуге үндеуі керек деп есептейміз.


Қажет болса, ірі қалалардағы көше атауын бұрынғы атауымен атауға шектеу қоятын заң қабылдайық. Сол кезде өткенді аңсап, артымызға қайта-қайта мойын бұрып қарай беруді доғаратын шығармыз?

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар