Сағаттың құны 214 млн теңге: Қазақстан заңсыз шығарылған активтерді қайтару үстінде

Dalanews 08 қаз. 2024 11:15 3195

Қазақстанда мемлекетке қайтарылған заңсыз активтерді басқаратын компания бар.  Олар немен шұғылданады, тәркіленген мүліктерді қайда сақтайды? Немесе оларды сатып жібереді ме?  Бұл сауалға Қайтарылған активтерді басқару компаниясының өкілдері жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz "Қазақпаратқа" сілтеме жасай отырып.

Бұл компания Қазақстан Республикасының "Мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару туралы" заңына сәйкес құрылған. Активтерді тиімді басқару мен сақтау және олардың бағасы жөніндегі ақпарат ресми сайтта қолжетімді.

Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, қайтарылған активтер арасында әлемге әйгілі брендтердің әшекей бұйымдары мен сағаттары бар екен. Қазір Cartier, Breguet және Tiffany сияқты брендтердің өнімдері сатылымда тұр. Мысалы, Ulysse Nardin Classic 789-80 шектеулі шығарылымдағы сағаты 214,4 миллион теңгеге бағаланған, бұл мұндағы ең қымбат активтердің бірі саналады. Сондай-ақ, екі сырға, алқа және екі сақинадан тұратын бриллианттар жиынтығы 85 миллион теңгеге бағаланған.

— Активтерді сату заңға сәйкес әділ және ашық түрде өтеді, — деп атап өтті компания өкілдері.

Сатылым аукцион арқылы, соның ішінде электрондық форматта ұйымдастырылады. Әрбір актив тәуелсіз бағалаушы белгілеген бағамен сатылады. Әшекей бұйымдар мен сағаттардың бағасы нарықтық бағадан төмен болуы мүмкін.

— Егер активтер бірінші сатылым кезеңінде сатылмаса, олар e-Qazyna порталы арқылы қайта сатылымға шығарылады. Бұл әдіс сатылымның ашықтығын қамтамасыз етіп, нарықтағы сұранысқа сәйкес бағаны қалыптастырады, — деп мәлімдеді компания мамандары.

Жақын арада аукционға бірқатар активтер қойылмақ. Атап айтқанда, 9 қазанда су жинау және өңдеу, сондай-ақ жылу энергиясын өндірумен айналысатын ЖШС үлестері сатылымға шығарылмақ. 

Ал 11 қазанда мынадай активтер саудаға түседі:

  • жалпы құны 1 564 810 теңге болатын коллекциялық монеталар (бір монетаның бағасы 150 мыңнан 690 мың теңгеге дейін);
  • жалпы құны 314 742 586 теңге болатын сағаттар;
  • жалпы құны 97 963 968 теңге болатын зергерлік бұйымдар.

Барлық активтердің жалпы құны 414 271 364 теңгені құрайды. Барлығы 19 лот ұсынылмақ.

"Аукционға қатысу арқылы азаматтар тек активтерге ие болып қана қоймай, қоғам игілігіне арналған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға үлес қосады. Себебі барлық түскен қаражат арнайы мемлекеттік қорға жіберіліп, маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағытталады".

2024 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша, басқарушы компания 5,7 миллиард теңгеге активтерді сатқан, оның ішінде 4,4 миллиард теңге шетелдік активтерді сатудан түскен.

Бұл шаралар тек активтерді қайтарумен ғана шектелмей, олардың қоғам игілігіне жаратуды қамтамасыз ету арқылы халықтың сенімін арттыруды көздейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар