Ендеше елімізде діни ақпаратты тарқатып түсіндіре алатын, белгілі бір діни догмаларды тереңнен толғап, оны мәні мен мазмұнын ашуға қабілетті дінтанушылар бар ма?
Олар аудиториямен қаншалықты белсенді жұмыс істеуде?
Dalanews.kz осы тарапта белгілі ғалым, дінтанушы Айнұр Әбдірәсілқызының пікірін білген еді.
Сарапшының атап өткеніндей, елімізде дінтану білімінің іргетасы осыдан 30 жыл Қазақстан егемендік алған тұста қаланған. Сол тұстары Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің іргесінен “Діни құндылықтар және еркін ойлау” деп аталатын арнайы мамандық ашылған.
“Еліміздегі дінтану саласы құлашын кеңге жайған, аз да емес, көп те емес, 30 жылдық тәжірибесі бар сала. Бүгінде аталған оқу орнының қабырғасынан түлеп ұшқан ондаған, жүздеген маман теология докторы дейтін дәрежеге дейін көтеріліп, діни ақпаратқа сусап отырған аудиторияға өзекті әрі дұрыс мәлімет жеткізуге тырысуда”, – дейді Айнұр Әбдірәсілқызы.
Өткен отыз жылда елімізде дінтанушы мамандарды даярлауға Үкімет пен ҚМДБ тарапынан баса көңіл бөлінген. Ғұмырын діни қызметке арнағысы келетін үлкен шоғыр қалыптасқан.
Сарапшының мәлімдегеніндей, Тәуелсіздік алғалы бері елімізде 5 бірдей Дінтану кафедралары құрылған. Соңғы жылдары дінтану магистерлерінің саны да бірнеше есе өскен.
“Иә, бұларға қатысты қоғам тарапынан қойылар сауал мен айтылар сын көп. Кейбір азаматтар дінтану саласының магистрлерін “олар дінді сырттай ғана оқыды, таза діни деңгейі бар мамандар емес” деп, мойындай бермейді.
Әйтсе де бұл елімізде мұндай деңгейдегі мамандар даярланбайды дегенді білдірмейді. Алматыдағы Нұр-Мүбарак Ислам мәдениеті университеті исламтану негіздері бағытында білікті мамандар даярлайтынын көзі қарақты оқырман жақсы біледі”, – дейді сарапшы.
Десе де, елімізде дінтанушы мамандарға сұраныс бар ма? Осы саланы таңдаған азамат ертеңгі күні тұрақты жұмыс табарына сенімді бола ма?
Айнұр Әбдірәсілқызының айтуынша теологтардың, дінтану мамандарының 70-80 пайыздайы тұрақты жұмыспен қамтылған. Ақпарат министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің дерегінше елімізде Дін мәселелерін зерттеумен айналысатын 16 бірдей орталық жұмыс істейді.
“Дінтану біліміне жүрдім-бардым қарауға болмайды. Мәселен, еліміздегі мектептерде дінтануға берілетін сағат саны әлі де болса мардымсыз.
Жасырары жоқ, Қазақстандағы діни ахуал құбылмалы, оның үстіне көпұлтты ортада өмір сүретіндіктен дінтану негіздерінің сағатын ұлғайту аса актуалды. “Дінтану негіздері” пәнінің аясында қазіргі қазақстандық қоғамның құндылықтарын насихаттау, мектеп қабырғасынан бастап лаңкестік пен экстремизмнің өзегін ашып, соларға қарсы үгіт жүргізу бүгінгі жағдайда маңызды мәселе болып тұр”, – дейді сарапшы.
Осы орайда келесідей сауал туындайды.
Елімізде кейбір азаматтардың деструктивті ағымдардың жетегінде кетуі мектеп қабырғасында берілген білімнің осалдығынан емес пе?
“Біздегі бір үлкен кемшілік, өскелең ұрпақтың діни сауатын қалыптастыруды белгілі бір пәннің ауқымында қарастырып, соның аясында шешуге тырысамыз.
Меніңше, гуманитарлық бағыттағы ілімдердің құрылымын күшейту керек. Мектеп жасындағы бала мен студенттердің діни ізденісін таза діни ізденіске балау қателік. Бұл кеудесінде лықсып тұрған сандаған сұраққа аласұрып жауап іздеуге тырысқан рухани ізденістің белгісі.
Мәселе неде? Жастар өмірдің жауабы дінде жазылған, бұған жауапты діннен табамыз деп тұспалдайды. Егер біз әрдайым таразы басын тең ұстап, тарихқа да, әдебиетке де, мәдениетке де қызықсақ, өнерге, ұлттық құндылықтарға сүйіспеншілікпен қарайтын болсақ, теріс діни ағымдардың арбауына түспес едік. Рухани ой-өресі мен таным көкжиегі терең адам мұндай ағымдарға ұрынбайды. Дінтанушыларпен пікірлескен кезде де өзіне қажеті алады, былайша айтқанда көзсіз бой ұрмайды. Айналып келгенде, рухани ізденіс тек діни біліммен шектелмеуі тиіс”, – дейді Айнұр Әбдірәсілқызы.