Белгілі актер, ұстаз Тұңғышбай Жаманқұлов Байқоңырдың көне атауына қатысты естіген мәлімет өзіне қатты әсер еткенін айтты, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер қайраткерінің айтуынша, ол жақында Байқоңыр аймағының ертеректегі тарихи атауы туралы білген. Актердің сөзінше, бұл мекен бұрын "Жеркіндік" деп аталған.
"Жақында Байқоңырдың ел болып тұрған кездегі алғашқы атауын естідім. Төбе шашым тік тұрды. Бұрынғы атауы – Жеркіндік екен. Дәл сол жерден бүгінде адамзат ғарышқа самғап жатыр", – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Актер "Жеркіндік" атауының астарында қазақ халқының кең ойы, терең танымы мен көрегендігі жатқанын атап өтті.
Оның бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында кең талқыланды. Көпшілік өнер иесінің сөзіне қолдау білдіріп, "мұндай ойларды тыңдай бергің келеді", "Жеркіндік – мағынасы терең әрі әдемі атау", "бабаларымыздың даналығы таңғалдырады" деген пікірлер жазған.