Астанада LRT осы аптада іске қосылуы мүмкін

Астанада LRT осы аптада іске қосылуы мүмкін
Фото: Астана әкімдігі

Астанада көптен күткен LRT жүйесі осы аптада іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы City Transportation Systems (CTS) көлік кешенінің басшысы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, жаңа жеңіл рельсті көлік заманауи талаптарға сай жабдықталған. Әр вагонның ұзындығы 60 метрді құрайды және 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді. LRT пойыздарының ең жоғары жылдамдығы сағатына 80 шақырым болса, қала ішіндегі орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 50–60 шақырым шамасында болады.

"Станциялар арасындағы күту уақыты – 5-6 минут. Жалпы ұзындығы 22 шақырым болатын бағытты шамамен 40 минутта жүріп өтуге болады. LRT жүргізушісіз қозғалады. Вагон ішінде тек операторлар болады", – деді Дүйсебаев.

Сондай-ақ CTS басшысы алдағы уақытта LRT жолақысын автобус карталары арқылы төлеу мүмкіндігі де енгізілетінін айтты.