Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеубаласы Азамат Кәпенов өзіне қатысты тараған айыптауларға жауап беріп, Қазақстаннан ақша жымқырып, Қырғызстанға жасырынып кетті деген пікірлердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, ата-анасына тиесілі "Евротрансгруп" компаниясы Орталық Азиядағы ең ірі порттың құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба Қастық станциясында орналасқан, жалпы аумағы – 51 гектар. Кәпенов жер телімдері жеке тұлғалардан «Крыша» газеті арқылы сатып алынғанын айтты.
«Жобаның барлығы несие қаражатына жүзеге асырылды. Алдымен “Сбербанк”, кейін “Bereke Bank” қаржыландырды. Құрылыс 2022 жылдың маусымында басталды. Сол кезде Начебов жазасын өтеп жатқан еді», – деді ол.
Кәпеновтің сөзінше, порт құрылысының алғашқы кезеңі 2023 жылдың ақпанында аяқталған. Оның мәлімдеуінше, жоба қазірдің өзінде табыс әкеліп отыр.
«Порт ай сайын шамамен 1 миллион доллар көлемінде пайда түсіре бастады», – деді ол.
Сондай-ақ Азамат Кәпенов алдағы уақытта өзіне қатысты туған мәселелердің мән-жайын егжей-тегжейлі түсіндіретінін айтты. Оның сөзінше, ол Қаржылық мониторинг агенттігінің әрекеттері, сондай-ақ қазіргі иесі катарлық банк болып саналатын Bereke Bank-тің жұмысы туралы мәлімдеме жасамақ.
«Рейдерлік туралы, рейдерлік әрекеттер жөніндегі арыздар туралы да айтып беремін», – деді Кәпенов.
Еске салайық, бұған дейін іздеу жарияланған Азамат Кәпенов Біріккен Араб Әмірліктерінде жасырынып жүруі мүмкін екені айтылды. Бұл туралы ақпарат «Выход к морю» телеграм арнасында пайда болған еді.
Телеграмдағы мәлімет бойынша, бұл туралы ақпарат ресейлік «Магистраль» жүйесінде пайда болған. «Магистраль» - ел ішінде қоғамдық көлік жолаушыларының қозғалысын және олардың Ресей Федерациясының Мемлекеттік шекарасынан өтуін тіркеп отыратын жүйе. «Выход к морю» Кәпенов Мәскеуден Дубайға 2023 жылдың 22 шілдесінде ұшып кетіп, қайтадан оралмағанын жазады.