Ресейлік рубль қатты нығайып жатыр. Теңгеге шаққандағы 1 рубльдің ресми бағамы 6,5 теңгені құрады. Мұндайда ресейлік тауарлар да қымбаттай түседі. Осы ұрымтал сәтті отандық тауар өндірушілер ұтымды пайдалана алады ма? Ресей нарығын жаулауға мүмкіндік бар ма? Бұл сауалдарға Halyk Finance Басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Экономист "Что по деньгам" Ютуб арнасына берген сұқбатында рубльдің нығаюы отандық тауар өндірушілер үшін жағымды жаңалық екенін нақтылады, алайда арна авторы айтқандай, Ресей нарығын жаулау Қазақстан тауар өндірушілерінің қолынан келмейтінін де жеткізді.
"Бұдан да ұрымтал сәттер болған. Бірақ, Қазақстан Ресей немесе өзге көрші елдердің нарығын жаулапты деген болған емес. Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақ, Кеден одағы Қазақстанға түк пайда әкелген жоқ. Сол секілді еліміздің индустиалды саясаты да абырой әпермеді", - дейді ол.
Экономист бұл ретте түрлі жеңілдіктерге ие автокөлік өндірісі саласын мысалға келтірді.
"Ескі Қазақстанды, сол секілді жаңа Қазақстанды да алсаңыз бұл сегментте түк өзгеріс жоқ. ҚҚС, КТС бойынша, өзге де түрлі мемлекеттік жеңілдіктерге ие автомобиль өндірісіндегі бағаны Қытаймен, Кореямен салыстырсаңыз удай қымбат. Яғни, бәсекеге қабілетсіз. Өздері "жылыжай жағдайында" өмір сүреді. Мемлекет оларға жағдай жасауда "дамысын, бәсекеге қабілетті бола түссін, ішкі сұранысты қанағаттандырып, одан қалса, сыртқы нарықты жауласын" дейді ғой. Бірақ, өздеріңіз көріп отырғандай, жағдай басқаша. Бірақ бұдан сабақ алып отырған Үкімет жоқ. Тағы 8 трлн теңге жеңілдетілген ақшаны "Бәйтерек" холдингі арқылы экономикаға құюда. Бұл, түптеп келгенде дұрыс емес нәрсе", - дейді экономист.
Мұрат Темірханов Қазақстанда салықты бәрі теңдей төлеуі керек, сонда экономикалық жағдай реттеледі деп санайды.
"Сауықтыру кезеңін қарастырмасақ, елімізде жалпы банк жүйесі КТС бойынша көп салық төлейді. Мысалы, металлургия саласын алайық, нарықтық жағдаймен есептесек, олар да жоғары салық төлеуі тиіс. Өйткені шетел валютасында табыс тауып жатыр, экспортқа жұмыс істеп жатыр дегендей. Бірақ олардың салықтық жүктеме кооэфиценті банк жүйесінен 10 есе төмен. Дағдарыс аяқталып, мұнай бағасы шарықтап тұрған 2010 жылдары Қазақстан салықтық жеңілдіктерді "жаппай таратты". Біздің есебімізше, бұл 5-6 трлн теңге. Негізі, халықаралық тәжірибе бойынша, бұлай салықтық жеңілдіктер жасалмауы тиіс, барлығы теңдей бірдей салық төлеуі керек. Ал Үкімет көмектескісі келсе, оларға кейін субсидия және басқалай түрде бюджеттен бөлек ақша бергені жөн еді. Сонда барлық есеп-қисап түсінікті болып, нарықтық жағдайға сай келеді", - дейді ол.