Respublica партиясына ақша жетпей жатыр – Айдарбек Қожаназаров

Dalanews 17 жел. 2025 17:41

Respublica партиясының төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров саяси ұйымның орталық аппарат басшысы мен оның орынбасарлары және кеңесшілері жаңарғанын айтады. Трансформация барысында партияның тең төрағаларының да саны қысқарды. Саяси ұйымдағы қызметінен Руслан Берденов пен Нұрлан Қоянбаев кетті. Партияның бас кеңсесі мен өңірлердегі филиалдардағы өзгерістерге қатысты бұған дейін БАҚ беттерінде жазылған. Атамекен кәсіпкерлер палатасынан Respublica партиясына жаппай ауысқан мамандар туралы мына сілтемеден оқуға болады. 

Qaz365.kz тілшісі Мәжіліс кулуарында партия төрағасы Айдарбек Қожаназаровтан кадрлық мәселелер және саяси ұйымды қаржыландыру мен олардың қазіргі мүшелерінің саны туралы тікелей сұрады. Қожаназаров нақты қойылған сұрақтардың барлығына толыққанды жауап берген жоқ. Кейбіріне жанама түрде жауап қатып, кейбірін тіпті айналып өтті. Қазір Respublica партиясының мүшелер саны туралы нақты дерек жоқ. Алайда 2023 жылғы сайлау науқаны кезінде оларды жақтаушылар саны жарты миллион адамға жуықтады деген ақпарат болған.

Ел бюджетінен биыл партияға 800 млн теңге қаржы бөлінген. Бірақ бұл қаражат саяси ұйым жұмысын жандандырып, аймақтарда белсенділікті арттыруға жете ме? Қожаназаров та аталған сомманың ел қазынасынан бөлінгенін растайды. Ол Үкімет берген қаржы мен жарналар орталық аппарат қызметкерлерінің жалақысы, кеңсе жалдау, филиалдарды асыраумен тәмам боп қалып жатыр. Басқа да жобаларды қаржыландыруға ақша жоқ, деп ағынан жарылады.

“Кейбір өңірдегі филиалдар өз жұмысын жақсы атқарғанының арқасында жарна көптеп түсе бастады. Мысалы Қарағанды, Қостанай облысын айтуға болады. Осы 2 өңірде мүшелер көбейді. Тиісінше жарна мөлшері де өсті. Өздері өткізетін шараны өздері қаржыландыра алады. Әрі қарай да мен мұндай тапсырманы өзге өңірлерге де қойдым. Бірақ бұл өздеріңді өздерің қаржыландырыңдар деген тапсырма емес. Белсенділікті күшейтіп, мүшелер санын арттырып, жарна мөлшерін ұлғайтыңдар деген тарсырма бар”– дейді депутат.

Алайда айта кету керек партия алғаш құрылып, мүшелер тартқанда және сайлау науқаны кезінде жарна түрінде ақша аудару міндеттелмейтіні айтылған. Бұл саяси ұйымның жарғысында да көрсетілген. Бірақ Қожаназаров өңірлерге мүше жинап, олардан жарна жинауға тапсырма берілгенін айтып отыр. Бұл сайлаушылар мен партия мүшелерінің алдында екі сөйлеу емес пе? Әлде бұл көпірден өткенше қызыңды алайын деп басталатын қазақы нақылдың кері ме? Негізі партияның Орталық кеңесінің шешімімен Корпоративтік қор жұмыс істейді. ҚР Әділет министрлігінде тіркеуден өткен бұл қорға партияның тең төрағалары, партияға мүше ірі кәсіпкерлер және кез-келген партияның жанашыр мүшелері қаржы сала алады. Қордың нақты қызметі мен ол жердегі қаражат көлемі туралы ашық дереккөздерінде мәлімет жоқ. Біздің тілшінің осы қор туралы сұрағын партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров жауапсыз қалдырды. Ал партиядағы бір жыл бұрынғы кадларды жаппай тағайындаулар мен өзгерістерге қатысты жауап та жалпылама әрі шашыраңқы.

“Әр адам қызметке тағайындалғанда нәтиже көрсету емес, міндетін дұрыстап атқарса болды. Қойылған мақсаттарына сай жұмысын атқарса – әр адам өз орнында дұрыс жұмыс атқарғанының көрсеткіші. Осы көрсеткішті тағайындалған адамдар көрсетіп жатыр”,- деп жаңылтпашқа ұқсас жауап қатады партия көшбасшысы.

Нақты дерек-дәйексіз сырғытпа жауаптың шебері Айдарбек Қожаназаров осы күні тиімсіз жұмысы үшін ең көп сынға ұшырап отырған “Атамекен” кәсіпкерлік палатасына қатысты да ой бөлісті. Ен қызығы – осы “Атамекен” палатасына қатысты партия ішінде пікір қайшылығы барын саяси ұйым басшысы білсе де білмейтіндей кейіп танытады.

Айталық, Respublica партиясының Мәжілістегі фракция мүшесі, депутат, бұрынғы атамекендік Айтуар Қошмамбетов өткен аптада ғана осы палата жұмысы мен оның төрағасы Райымбек Баталовты қатты сынға алған болатын. Қожаназаров өзінің протежесі әрі партияласы Қошмамбетовтің сынына қарамастан палатаға қатысты жағымды пікір айтады. Тіпті ол өзін қазір Атамекеннің президиум мүшесі екенін және оны жамандау орынсыз деп қалды.

“Атамекен туралы сұрағыңызға айтып кетейін. Атамекеннің істеп жатқан жұмысы кәсіпкерлер құқығын қорғау есіңізде болса. Біздің партиямыз да осы бағытта үлкен жұмыс атқарып жатыр. Сол себептен Атамекенде алған тәжірибе біздің партиямызға талап ететін тәжірибеге өте ұйқасады, деп айтуға болады. Сол себептен Атамекеннен біраз адамдарды тарттық шынымен. Керек болса мен де Атамекеннің Қостанай өңірлік кеңесінің төрағасы болдым. Қазір Атамекенде президиум мүшесімін. Сол себептен Атамекенді жамандау, одан қашқан дұрыс емес деп ойлаймын. Ол маңызды мекеме”,– дейді А.Қожаназаров.

БАҚ беттерінде былтырдан бері “Атамекен” кәсіпкерлер палатасынан Respublica партиясына ондаған адам жұмысқа ауысқаны туралы ақпарат тарағанын жоғарыда еске салдық. Негізінен өңірлердегі филиалдар, орталық аппарат және Парламенттегі фракция аппараты қызметкерлері кәсіпкерлер палатасынан жұмыстан кеткен мамандардан жасақталды. Бұл өзгерістерді Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров та растап отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар