Ресейшіл блогер Аслан Төлегенов сотталды

Көркем Алдабергенова 19 қар. 2025 09:19

Көкшетау қалалық соты ресейшіл блогер Аслан Төлегеновті  ұлттық араздықты қоздыру және көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Не үшін айыпталды?

Сот дерегінше, Төлегенов Youtube платформасындағы өзінің арнасында ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған видеороликтер жариялаған. Сараптама қорытындысы бұл материалдардың қоғамдық татулыққа нұқсан келтіретінін және ұлтаралық жанжал тудыру қаупін қамтитынын растаған.

Бұған қоса, блогер көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін де айыпталды.

Тергеу мен соттағы жағдай

Сот барысында Төлегенов өз кінәсін толық мойындап, ұсынылған дәлелдерге дау келтірмеген. Осыған байланысты іс қысқартылған тәртіппен қаралды.

Оның кінәсі сараптамалар қорытындыларымен, мобильді телефонындағы жазбалармен, интернет-ресурстарды тексеру нәтижелерімен, видеоматериалдармен және өзге де іс құжаттарымен дәлелденді.

Сот қандай жаза тағайындады?

Жаза тағайындау кезінде сот Төлегеновтің бұрын сотталмағанын және әрекеті үшін шын жүректен өкінгенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын жағдайлар анықталмаған.

Нәтижесінде сот блогерді Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі (ұлттық араздықты қоздыру) және 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы (көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 9 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар