Ресейдің орнын Қытай баса ма? Дун Баотунның Астанаға сапары АЭС тағдырын шешуі мүмкін

Қаракөз Амантай 03 мау. 2025 14:20

Қазақстанда Балқаш маңында салынатын алғашқы ірі атом электр станциясын ресейлік емес, қытайлық тарап салуы мүмкін. Бұл туралы қаржы сарапшысы Айбар Олжай мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының айтуынша, Ресей қазіргі экономикалық жағдайда ірі ядролық жобаларға қаржы бөле алмайды.

“Ядролық триадасының үшінші компоненті, стратегиялық авиациясының кемінде 40 пайызынан айрылып отырған Ресей үшін енді сыртқы жобаларды қаржыландыру өте қиын болады. Федералды бюджетте дефициттің артқанын және әл-ауқат қорында небары 37 миллиард доллардың қалғанын ескерсек, Ресей енді осы қалған капиталды тек ішкі мәселелерін реттеуге жұмсаудан басқа амалы жоқ. Демек, Росатомға федералды билік немесе Орталық банк қаржылай дым көмектесе алмайды. Ал Росатомның өзінде 2023 жылдан бастап EBITDA-ға шаққандағы қарыз үлесі тым артып, системалық қаржы кризисінің көлеңкесі көріне бастаған. Жаз айына жетсе де, Росатом 2024 жылғы қаржылық есебін жарияламады. Тіпті жарияламауы да мүмкін.”, — деді Олжай.

Ресейдің ұсынысы бойынша Қазақстан АЭС құрылысын ВОО (Build–Own–Operate) жүйесімен жүзеге асыруы тиіс еді. Бұл модель Түркияда “Аққұю” АЭС жобасында қолданылған. Алайда сарапшының пікірінше, Росатом бір мезгілде екі АЭС (Түркия және Қазақстан) тұрғызуға экономикалық жағынан дайын емес.

“Бұл “Build — Own — Operate”, яғни “өзің сал, өзің иелік ет, өзің жүргіз” системасы. Росатом Аққую АЭС-ін өз ақшасына тұрғызады, өзі қожайыны болады және жұмысын жүргізіп отырады. Түркия тек қана олардан бекітілген тариф бойынша келісілген уақытқа дейін электр энергиясын сатып алмақ. Түркия үшін бұл керемет қолайлы болды. Құрылыс заказдарын алған жергілікті компаниялары жақсы ақша табуда. Аққұю АЭС-і берген электр тоғын қымбатқа Еуропаға сатып, арасынан да ақша тауып отырмақ. Бастысы құрылысқа бір тиын жұмсамады. Бізге де тек осы жүйе керек болған. Себебі Росатом тұрғызатын екі дана ВВЭР-1200 реакторының және атом станциясы кешенінің ортақ бағасы кемінде 12 миллиард долларға шығады. Біз ондай құрылысты өз ақшамызға сала алмаймыз. Себебі артық ақша жоқ.

Дәл қазір бір нәрсе белгілі. Росатом Балқаштағы АЭС-ті ВОО жүйесімен тұрғыза алмайды. Олар Аққұюді әлі салып бітірген жоқ. Екі бірдей АЭС-ті бір мезетте өз қаржысына салуға Росатомның қауқары жетпейді. Сол себепті Кремль "Қазақстанның Ұлттық қорындағы қаржыны пайдаланайық" деген біз үшін мүлде қисынсыз ұсыныспен қайта-қайта мазалап кетті. Мәскеуге енді баяғыдай өз ықпалының артуы үшін қаржыны аямай бөле алатындай заман жоқ. Өздері нақты кэшке мұң болып отыр. Ал біздің Ұлттық қор – нақты кэш.”, — деп қосты ол.

Осы жағдайды білген Қытай тарапы балама ұсыныс білдірген.

“Өткен аптада Росатомның бұл жағдайын біліп отырған Қытайдың ядролық қауіпсіздік бойынша ұлттық басқармасының төрағасы Дун Баотун Қазақстанды тығырықтан шығара алатын ұсыныс әкелді. Қытайдың ұлттық ядролық корпорациясы – CNNC 5,5 миллиард долларға толығымен дайын АЭС салып беруге дайын. Екіншіден ол тез, яғни 5 жылдың ішінде салынатын болады. Үшіншіден, Қытайдың Эксим банкі ол қаржыны кредит түрінде бере алады. Эксимнің біздегі инфрақұрылымдық жобаларға қаржыны юаньмен SOFR + 1.2% ставкасымен беріп жүргенін ескерсек, біз үшін кредит бағасы жылдық 5,5% үстемемен шығады. Ресейге Ұлттық қорымызды беріп, жем болып, өз қалтамыздан 12 миллиард доллар төлеп Росатомды байытқанша, тиын шығармай Қытай кредитімен 5,5 миллиард долларға әлдеқайда заманауи, технологиялық HUALONG атом электр станциясын салып алғанымыз тиімді. Мұны Қазақстан үкіметі де жақсы біліп отыр. Сондықтан Балқаштағы тұңғыш үлкен АЭС-ті Қытай салатын болады. Менің ойымша, бұл мәселе осы аптада түпкілікті шешілуі тиіс. Және маусымның аяғында ресми мәлімдеме жасалады”, — деді Олжай.

Сарапшы Қазақстан бұл ұсынысты қабылдаса, АЭС өз табысы арқылы қарызды қайтаруға қауқарлы екенін атап өтті. Сонымен қатар Ресейге Курчатов қаласында шағын модульді АЭС тұрғызу ұсынылуы мүмкін. Бұл жоба 1,6 млрд долларға бағаланып отыр.

“HUALONG АЭС-і өзін-өзі ақтап, өзінің операциялық жұмысынан кредитін қайтарып бере алатын сияқты. 2024 жылы тұтынушылар үшін электр энергиясының ең арзан тарифы киловатт/сағатына 26,7 теңге болды. АЭС іске қосылатын 2030 жылдары ол киловат-сағатты 7 центтен сатады деп болжасақ, бір жылда 1,2 миллиард доллар выручка ала алады. Оның жартысын кредитті өтеуге жіберіп отырса, 10 жылда оңай төлеп бітпек.

Қазақстан Ресейге шағын приз ретінде Курчатовта тура Өзбекстан сияқты 4 РИТМ-Н реакторынан құрылған шағын модульді АЭС салып беруді ұсынуы мүмкін. Оның қуаты 330 МВТ, демек біздің Өскемен мен Семейдегі электр тапшылығын толық шешіп бере алады. Шамамен 1,6 миллиард доллар қажет. Бірақ оның жарасы жеңіл”, — деп қосты ол.

Оның пікірінше, маусым айының соңына қарай Қазақстан билігі ресми мәлімдеме жасайды.

“Осылайша Астана өзі үшін ең тиімді жолды таңдап, Қытай мен Ресей арасындағы балансты да ұтымды шеше алады. Қазақ дипломатиясының үздік әлемдік практикаларын ескере отырып, дәл осылай болатынына еш күмән жоқ. Қытай Балқашты алса, ал Ресей Курчатов жобасына дән риза болса, онда Қасым-Жомарт Кемелұлының зор тәжірибесі мен ұлт деп соққан жүрегі сын сағатында қазақ мемлекетінің мүддесі жолында соңына дейін күрескені тарих беттерінде алтын әріптермен жазылатын болады. Керек кезінде Сатқалиевке кіріп шыққан Дун Баотунның есімі де ұмыт қалмайды деп ойлаймын”, — деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар