Жамбыл облысында өндірістік оқиға салдарынан адам қаза тапты, алайда өлімнің нақты себебі әлі жарияланған жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға 16 сәуір күні болған. «Жамбыл су» кәсіпорнының қызметкері нысандардың бірінде жүрген кезде МАЗ көлігінің жүргізушісі келіп, жұмыс тапсырмасын алған.
БАҚ мәліметі бойынша, жүргізуші көлікті жүргізіп келе жатып, небәрі бірнеше метр өткен соң күзетшінің айқайынан кейін тоқтаған. Сол сәтте ол қызметкерді қағып кеткенін байқаған.
Зардап шеккен адам есін жоғалтпаған, тек қабырға тұсының ауырғанына шағымданған. Ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген, алайда кейін көз жұмған.
Ең күмәндісі - ресми түрде өлімнің нақты себебі әлі айтылмаған. Оқиғадан кейін тірі болған азаматтың ауруханада не себепті қайтыс болғаны белгісіз күйінде қалып отыр.
Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, «Жамбыл су» кәсіпорны марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетіп, жерлеу рәсімін ұйымдастырған.
Қазір еңбек инспекциясы арнайы тексеру жүргізіп жатыр. Нәтижесі бойынша сақтандыру төлемдері қарастырылмақ.
Полиция бұл дерек бойынша абайсызда адам өліміне әкелген жол қозғалысы ережелерін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.