Ақмола облысында ер адам интернет-алаяққа сеніп, 2,3 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға Есіл ауданында болған. Полиция мәліметінше, жәбірленуші TikTok-та көмек сұраған видеоны көріп, кейін WhatsApp арқылы хат алмасуды жалғастырған.
«Бір айдан кейін оған қыздың ауыр науқас екені және емге ақша қажет екені айтылған. Алғашында Т13 мың сұралған. Кейін ем шығындары көбейе берген. Біраз уақыттан соң ер адамға қыздың қайтыс болғаны хабарланған. Артынша оған өзін жерлеу қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар, кейін “көршісі” хабарласып, төрт баланы асырап отырғанын айтып, ақша сұраған. Жалпы ер адам 64 рет ақша аударған. Ол үшін бірнеше несие рәсімдеп, таныстарынан қарыз алған», – деп мәлімдеді Ақмола облысы полиция департаменті.
Алаяқтық жәбірленушінің әпкесі хат алмасулар мен аударымдарды көргеннен кейін ғана әшкереленген.
Қазіргі таңда бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ретінде Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны анықталып, оның қатысы тексеріліп жатыр.