Ресейден контрабандалық жолмен ағылған бидай қазақ диқаншыларын шырылдатып жіберді

Кәмшат Тілеухан 10 қаз. 2025 10:08

Ресейдің арзан астығы Қазақстанға қайта лап қойды. Бұл жайт мұндағы бағаны төменге қарай "сүйреуде". Қазақстан астық одағының мәліметінше, соңғы кездері елімізге, атап айтқанда, ШҚО, СҚО және Қостанай облыстарына Сібірден контрабандалық жолмен астық жаппай тасымалданып жатыр. Осыған байланысты одақ ресейлік астықты елімізге автомобильмен әкелуге тыйым салу қажеттігін сұрайды, деп хабарлайды Dalanews.kz APK News-ке сілтеме жасай отырып.
"Құжаттарда 18 тонна деп көрсетілгенімен, іс жүзінде 40 тонна тасымалданған. Оның ақысы, негізінен қолма-қол ақшамен төленеді. Сібірде баға арзандап кеткен, сондықтан элеваторлар астыққа толып, тауар кім көрінгеннің қолына арзанға кетіп жатыр. Олардағы элеватор мәселесі біздікінен де өткір. Маусым айының басында-ақ олардың қамбасының тең жартысы толып, мәселе өзектілік танытқан", - дейді Астық одағының өкілі Евгений Карабанов.
 
Сібірдегі бидайдың бағасының қымбаттауына келетін болсақ, оның бірнеше себептері бар:
  • сұраныс жоқ,
  • элеваторлар толып кеткен,
  • тасымал субсидияланбайды. 

"Диқандарға бидайды Сібірден елдің басқа қиырына жеткізу қымбатқа түседі. Оның үстіне орталықта жақсы өнім жиналады, ал төртінші сортты бидайдың оларға қажеті жоқ. Баға содан төмендеп жатыр. Сондықтан оны Қазақстанға әкеліп жатыр", - дейді сарапшы.
 

Ресейлік астықтың Қазақстанға контрабандалық жолмен тасымалдау тамыз айында басталып, қазір қарқын алып тұр, оны тоқтату да мүмкін болмауда.

"Шекара өткелдері салмақ өлшеу жүйесімен жабдықталғанша жүк көліктері тасымалына тыйым салу керек. Барлық шекара өткелдерін бұл құрылғымен жабдықтаудың қажеті жоқ, әр облыста екі-үшеуін орнатуға болады және міндетті түрде астық тасымалы тек сол бекеттер арқылы жүзеге асырылса. Әйтпесе,контрабанда ішкі бағаға ауыр "соққы" болып тиюде", - дейді Карабанов.

 
Ал KazGrain Ұлттық экспорттаушылар қауымдастығы импортқа тыйым салу мәселені шешпейді деп санайды. Оның пікірінше, алдымен шекарада тәртіпті қалпына келтіру керек.

"Біріншіден, Қазақстан тарапы 6-7 жылдан бері импортты бақылайтын таразылар орната алмай келеді. Екіншіден, ресейлік астық қазақ астығы ретінде тіркелмеуі үшін жалпы өнім көлемін реттеу керек. Сандарды бұрмалауға жол бермеу қажет. Көптеген шаруалар ресейлік астықты өз астығы ретінде өткізіп, қосымша көлемдерге құжат береді. Үшіншіден, жергілікті билік өкілдері бұл жағдайдан хабардар болса да оған көз жұма қарап, тіпті КамАЗ көліктерін өткізуге рұқсат береді. Бұл контрабандаға қарсы кешенді көзқарасты талап етеді. Біз импорттың барлығын бір ғана "Азық-түлік корпорациясына" беріп қоймауымыз керек", - дейді қауымдастық басшысы Зейнолла Әбдуманапов. 

Тыйым салуға келетін болсақ, қауымдастық басшысының айтуынша, ол жылдар бойы қолданысымызда бар дүние. 

"Егер мәселе кәсіби түрде шешілмесе, біз мәңгілік осы тыйыммен өмір сүре береміз. Тыйым салу - бұл шешім емес. Олар бүгін тоқтайды, содан кейін ертең қайтадан жанданады", - деген ол контрабандамен қатаң бақылау, есепке алуды цифрландыру және сауданың ашықтығы секілді жүйелі әрі кешенді шаралар арқылы күресу керектігін қадап айтады. 

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар