Көкшетаулық блогер Аслан Төлегенов 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол тікелей эфирдегі балағат сөзі үшін әкімшілік жаза алып, кейін ұлтаралық араздық қоздырды деген айыппен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Көкшетау тұрғыны, блогер Аслан Төлегенов TikTok-тағы тікелей эфир кезінде бейәдеп сөз айтқаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ол әлеуметтік желіде Қазақстанда «орыстарға қарсы көзқарас белең алып бара жатыр» деп жиі мәлімдеме жасап жүрген.
Өзінің айтуынша, Төлегенов қарсыласының сын-ескертпелеріне жауап ретінде ғана қатты сөйлегенін алға тартып, арандатуға ұшырағанын мәлімдеген.
Алайда әкімшілік жазамен шектелмей, оған енді Қылмыстық кодекстің 174-бабы — «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектiк-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бойынша айып тағылды. Бұл бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазір Аслан Төлегеновтің қамау мерзімі екі айға ұзартылып, ол тергеу изоляторына ауыстырылды. Блогердің ісімен ҰҚК айналысып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Төлегенов әлемжеліде Аслан есімді TikTok қолданушысы Кеңес үкіметін мақтап, орыс тілін қолдап, "орыс тілін білмейтіндер адам емес" деген сыңайдағы видеолар түсіріп жүрген еді. Тіпті ол видеоларының бірінде даулы мәлімдемесімен сынға қалған Тина Канделакиді де ашық қолдайтынын жеткізді.
Видеолары миллиондаған қаралым жинайтын ер адамның оқырманы да аз емес. Оның инстаграмдағы парақшасына 5,5 мың адам, TikTok-парақшасына 44,4 мың адам жазылған.
Ол видеоларының бірінде Қазақстанда орыс тілі "расында, шеттетіліп жатқанын" айтып, Тина Канделакиге қолдау білдірген. Бір қызығы бүгінде 1,4 миллион қаралым жинаған бұл видеосына оны қолдап, пікір жазғандар да табылған.
Тағы бір видеосында ер адам орыс тілі қазақтар үшін маңызды орында болуы керегін айтады.
"Орыс тілі барлық ілім мен білімнің кілті, ол арқылы кез келген есікті аша аласың. Әлемде миллиондаған адамның байланыс орнатуының кілті", - дейді Аслан.
Видеода ол қазақтар үшін орыс тілі шексіз байлық екенін де жеткізген.