Ресей Қазақстаннан бидай, қызанақ және бұрыш тасымалына қойылған шектеулерді толығымен жойды. Тек күнбағыс тұқымдарына қатысты шектеу өз күшінде қалып отыр. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп жазады Dalanews.kz.
"Бұл мәселе бойынша мен Мәскеуге арнайы бардым, ауыл шаруашылығы министрімен, "Россельхознадзор" басшысымен кездестім. Дәнді, бұршақты, майлы дақылдар бойынша мәселелер өз шешімін тапты. Вагондар қазір бұрынғыдай қаңтарылып тұрмайды. Біз мұны едел-жедел шештік, экспортты жөнелтуге кірісеміз. Қазір шешімі табылмаған жалғыз нәрсе бар, бұл гүлдерге қатысты. Бірақ бұл мәселені де шешеміз, ары кеткенде 10 күнде", - деді Сапаров Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Қазақстан транзитіне қатысты барлық шектеулер қараша айында алынған. Алайда, Ресей тарапы өнімдерді бірден кемеге тиеуді талап етті.
"Ал кемеге тиеу үшін бірнеше жүз вагон, тұрып қалатын жағдайларды ескерсек, көп уақытты қажет етеді. Сондықтан мен қаңтарда аттанып, жүкті ауыстырып тиеуге рұқсат беру туралы мәселені шешіп келдім. Қазір экспорт жақсы жүріп жатыр. Бұдан басқа, біз қазір басқа нарықтарды да іздестірудеміз, Балтық жағалауы арқылы Еуропаға шығу үшін, бәсекелестік болу үшін", – деп сөзін түйіндеді министр.
2024 жылдың қазан айында Ресей Қазақстаннан бидай, жасымық, қызанақ, бұрыш, қауын және күнбағыс тұқымын әкелуге уақытша шектеулер енгізді. "Россельхознадзор" мұның себебін өнімдерде карантинге жатқызылған объектілердің табылуы деп түсіндерген еді.