– Ресей әскері Украинаға баса-көктеп кірерден 1 күн бұрын, 22 ақпанда Садыр Жапаров Фейсбуктегі парақшасында елең еткізген пост жариялады. Онда ол бір жағынан, тараптарды бітімге келуге, жағдайды тек бейбіт, дипломатиялық жолмен шешуге шақырды.
Екінші жағынан, Донбасстың жұртшылығын қорғау үшін әскери операция жүргізуді ақтағандай пікір білдірді ("Возможно, это была вынужденная мера для защиты мирного населения территорий Донбасса, где проживает большое количество российских граждан").
Менің ойымша, сол кезде ол бүкіл Украинаны тез жаулап алуға Ресейдің күш-қуаты артығымен жетеді, сондықтан бұл жағдай тез тынышталады деп есептесе керек. Демек Мәскеудің қырына ілікпеу үшін оны жақтап та сөйлеп қойған жөн деген байламға келгенге ұқсайды.
Бірақ Кремльдің көздегені болмады. Украина халқы екі аптадан артық уақыттан бері дұшпанға қарсы жанқиярлықпен шайқасуда. Ресейдің адам және әскери техника шығыны енді алапат. Кремльдің беделі түсе бастады, РФ экономикасы өзгеге көмектеспек түгіл, өзін қорғай алмайтын хәлге жетті.
Бүкіл әлем Ресейден теріс айналуда. Осыған орай біздің басшылардың да басы қатты. Бұл жағдайда не істеу керек? Бәлкім, Ресейді тастап кеткен жөн болар? Мәскеумен достықтан бас тартуға тура келуі мүмкін.
Ендігі мәселе – тым кеш болып қалмауы үшін оны қай кезде жасаған жөн? Қазір бүкіл Орталық Азия елдері үшін ең маңыздысы – Қазақ елінің әрі қарай өзін қалай ұстайтыны. Аймақтағы барлық республикалар арасында ең қауіпті жағдайда қалғаны – Қазақстан.
Себебі ол – Орталық Азиядағы Ресеймен шектесетін жалғыз мемлекет. Оның Ресеймен құрлықтағы шекарасы – әлемдегі ең ұзақ шекара. Бұл ретте оның солтүстігінде сепаратистік көңіл-күйлер байқалады.
Мұндай қауіп әсіресе, 90-шы жылдары өте зор болатын. Оны азайту үшін Қазақстан басшылығы ел астанасын оңтүстігінен солтүстігіне қарай көшірді. Нәтижесінде, елдің орталығы мен солтүстік облыстарындағы ресейшіл күштер айтарлықтай азайды. Әйткенмен қауіп сақталуда.
Ол қауіпті сейілту үшін мемлекет ел бірлігін күшейтуге және солтүстік өңірлерге қазағы қалың оңтүстіктегі халықты көшіруге күш салып жатқаны мәлім.
Бұған қоса алып мұхиттар мен теңіздерге шыға алмайтын Қазақстан экономикалық тұрғыдан Ресейге тәуелді. Осы және басқа да факторлар Қазақстанды Мәскеумен шекісуден аяқ тартуға итермелейді.