Украина президенті Владимир Зеленский соңғы апталарда Ресей оның ұшағына Молдова аумағы арқылы ұшып бара жатқан кезде дрондармен екі рет шабуыл жасауға әрекеттенгенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Украина президенті CBS News арнасына берген сұхбатында айтты.
Зеленскийдің сөзінше, ол мінген ұшақ Молдова әуе кеңістігінде болған кезде ресейлік дрондар осы елдің аумағына бағытталған.
"Молдовада менің президенттік ұшағым болды, сондықтан олар Молдоваға шабуыл жасады. Біз үйге қайтып келе жатқанда, қайтадан Кишинев арқылы ұштық, сол кезде де дәл осындай жағдай қайталанды", – деді ол.
Бұған дейін Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стьоре Зеленский Ослоға сапармен ұшып бара жатқан кезде оның ұшағы Молдова әуе кеңістігінде дронның шабуылына ұшырай жаздағанын мәлімдеген.
Зеленский CBS News-ке берген сұхбатында бірнеше күннен кейін Украинаға қайтар жолда Молдова әуе кеңістігіне тағы бір немесе екі дрон кіргенін айтқан. Бұған дейін бұл оқиға туралы ақпарат жарияланбаған.
Украина президентінің пікірінше, бұл әрекеттер оны және басқа да шетелдік көшбасшыларды қорқытуға бағытталған Ресей стратегиясының бір бөлігі болған.