Референдумнан кейін Мәскеуге ұшқан Назарбаев сапарының сыры неде? СІМ пікір білдірді

Dalanews 14 мау. 2022 16:22 720

Қазақстан сыртқы істер министрлігі елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескенде қандай мәселені талқылағанын білмейді.


14 маусымда үкімет отырысынан шыққан соң журналистердің қойған сауалына сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді осылай деп жауап берді.


"Ол (Назарбаев) беделді саясаткер, халықаралық қауымдастыққа белгілі, президент Путинмен жеке достық қарым-қатынасы бар, неге араласуға болмайды?" деді министр.


Журналистер министрге экс-президент сапары туралы министрлікке  ескертті ме деп сұрақ қойды.

«Менің ойымша, Сыртқы істер министрлігіне ескерту қажет емес. Бұл тұңғыш президенттің Іс басқармасы мен Ресей Президентінің Әкімшілігі арасында тікелей келісілген. Ресей президентімен кездесуге тыйым салынбаған шығар. Оларды ежелден келе жатқан достық, жеке достық байланыстырады», – деп жауап берді Тілеуберді.

Тілеуберді Назарбаевтың Мәскеуге сапарының мақсаты жайлы бірінші президенттің кеңсесінен сұрауға кеңес берді.


Назарбаев өткен аптада Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, "Ресей күнімен" құттықтағаны туралы қысқа ақпаратты кейін экс-президенттің ресми сайты жариялаған.


"Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин бір-біріне мықты денсаулық және амандық тілеп, арадағы достық байланыс алдағы уақытта да Қазақстан мен Ресей халықтарының игілігі үшін жалғасын табады деген сенім білдірді" деп хабарлады Назарбаевтың баспасөз қызметі.


12 маусым – Ресейдің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы күні немесе Ресей күні.


Ақорда сайтында Қазақстанның Кремль басшылығын "Ресей күнімен" құттықтағаны туралы ақпарат жоқ.


Бұл жолы Назарбаев Мәскеуге өзінің "тұңғыш президент – Елбасы" деген ерекше мәртебесі жөніндегі баптарды Қазақстан Конституциясынан алып тастауды мақұлдаған жалпыұлттық референдумнан кейін барды.


Мұның алдында ол Ресейге былтыр желтоқсанның аяғына қарай барып, Санкт-Петербургте өткен ТМД елдері басшыларының бейресми саммитіне қатысқан еді.


Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаев өзінің зейнеткер екенін мәлімдеп, көпшілік алдына шығуды сиреткен.


5 маусымдағы референдумнан кейін парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қазір ел басшылығы мемлекеттік мәселелерді экс-президентпен "ақылдаспайды" деп мәлімдеген.


Дүйсенбіде Ақорда елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Путиннің шақыруы бойынша 17 маусымда Санкт-Петербургте өтетін халықаралық экономикалық форумға баратынын хабарлады.


Дереккөз: Азаттық 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар